Өнеркәсіп

“ПАМЖЗ”АҚ төтенше жағдайда жұмысын жалғастыруда

Петропавл ауыр машина жасау зауыты төтенше жағдайда жұмысын жалғастыруда. Кәсіпорын мамандарды бетперде, антисептикпен қамтыған. Әр күн сайын таңертең ақ халаттылар жұмысшылардың дене температурасын да тексереді. Ал, өзін жайсыз сезінген еңбеккерлер үшін өндіріс ошағында денсаулық сақтау пункті де бар.

Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы жұмысқа қарап, елімізде төтенше жағдай жарияланды деп айтпайсын да. Кәсіпорын бұрынғы қалыпта істі жалғастырып жатыр. 800 адам – өз орнында. Бірін де басшылық үйіне қайтармапты. Таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін еңбеккерлер термовагон әзірлейді, мұнай, газ өндірісіне қажет құрал-жабдық шығарады. Себебі, биыл жоспар бойынша өнімдерге тапсырыстың көлемі – 7 млрд тг-ні құрамақ. Бүгінде жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңге болатын келісімшартқа қол қойылыпты.

Жандос Нұрғалиев – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ департаменті басшысы:

– «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компаниялары үшін көтергіш агрегаттар даярлануда.

Әзірге, өндіріс ошағындағы шаруа қызу. Бірақ, мемлекеттегі ахуалға байланысты жұмысқа қажетті кейбір бөлшектерге тапсырыс беруде проблемалар бар көрінеді. Қазір кәсіпорын басшылығы мәселені біржақты етумен айналысуда. Ал, термовагондармен мұндай жағдай туындамайды. Себебі, өнімді әзірлеуге қажет дүниелер толығымен сатып алынған. Көктемнің соңына дейін зауыт тауардың 60 данасын жасамақ. Қысқасы – компаниядағы іс бұрынғыша қыз-қыз қайнап жатыр. Жалғыз өзгешелік – дезинфенкциялық және алдын алу шараларының күшеюінде. Мамандардың барлығы бетперде киіп, ұдайы қолдарын антисептикпен өңдеп тұрады.

Есесіне тігін цехындағы шаруа қазір – мүлдем басқа. Бұрындары мұнда техникаға арналған қаптамалар әзірленсе, енді маскалар тігіледі. Галина Стапонкене зауытта еңбек етіп жүргеніне 12 жыл болыпты. Айтуынша, осы уақыт ішінде алғаш рет су өтпейтін қалың кенепті ысырып қойып, дәкемен жұмыс істеуде.

Галина Стапонкене – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ тігіншісі:

– Маска тігудің еш қиындығы жоқ. Қорғаныс құралын әзірлеуге бір апта бұрын көштік. Дәкені 6-8 қабаттап, бетперде жасаймыз. Біреуін дайындауға 10-15 минуттай ғана уақыт қажет. Еңбеккерлерді барынша маскамен қамтуға тырысудамыз.

Маска бар, қажетті көлемде санитайзер де сатып алынып, орнатылған. Әрі күніне 3 мәрте әрбір цехтың едені дезинфекциялық құрал қосылған сумен жуылады. Ал, өзін жайсыз сезінген адамдар үшін мұнда денсаулық сақтау пункті жұмыс істеп тұр. Нысан дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмекті көрсетуге керек дәрі-дәрмек және құрал-жабдықтармен қамтылған.

Наталья Галушкина – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ денсаулық сақтау пункінің меңгерушісі:

– Біздің көмегімізге жүгінген мамандардың алдымен дене температурасын, қан қысымын тексеріп, анализ аламыз. Жағдайын бағамдап, қажет болса дәрігердің қабылдауына жібереміз. Бұл – біздің күнделікті шаруамыз.

Ал, төтенше жағдай жарияланғалы ақ халаттылар күн сайын таңғы 7-ден жұмысқа келген еңбеккерлердің дене қызуын тексеруді де қолға алған.

Эльмира Садвокасова