Құқық қорғау органдары

Бетпердесіз сатып алушыны дүкенге кіргізбеген жөн

Бетпердесіз сатып алушыны нысанға кіргізбеген жөн. Шағын маркеттер мен үйдің маңындағы дүкен иелеріне билік осындай ұсыным жасап отыр. Алайда, кей кәсіпкерлер бұл қағидаға назар аудара қоймаған. Бұған Петропавл полицейлері демалыс күндері өткізген рейд барысында көз жеткізді.

Осымен үшінші апта елде – төтенше жағдай. Сондықтан Үкімет сақтықты мейілінше күшейтіп әлек. Наурыздың 18-і Денсулық сақтау министрі мен Сауда және интеграция министрінің бірлескен бұйрығы шықты. Онда сауда орындарына қатысты мынадай ұсыныстар жазылған.

Айнагүл Мизамбаева, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:

– Сатып алушылар дүкенге міндетті түрде маска тағып кірулері тиіс. Ал егер бетперде болмаса, оны дүкен әкімшілігі тегін беруі керек.

Қысқасы, бетпердесіз сатып алушыға қызмет көрсетпеген дұрыс. Бұл қағиданың минимаркеттер мен үйдің маңындағы шағын дүкендерге ғана қатысы бар.

Әлібек Ғабдуллин – қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары:

– Маскасыз клиентке қызмет көрсеткен дүкен иесі соттың шешімімен не ескерту алады, не 26 551 теңгенің айыппұлын төлейді не болмаса 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Полицейлердің міндеті – қауіпсіздік шараларын елемегендерді анықтау. Біз олармен қала бойынша рейдке шықтық. Орталықтағы мына дүкенде, мәселен, сатып алушы қарт әжей маскасыз тұр. Бірден дүкеннің иесі шақыртылды. Кәсіпкер жаңашылдықтан хабарсыз болып шықты. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Ал мына сауда орны іске жауапкершілікпен қараған сыңайлы.

Иә, бетпердең болмаса, наның мен сүтіңді мұнда ала алмайсың. Дүкен басшылығы клиенттеріне масканы тегін беруге дайын-ақ. Қорғаныс құралдарын тігуге тапсырыс та беріп қойған.

Мұндағы мақсат – қауіпті індетке қарсы қауіпсіздікті күшейтуде. Өйткені, коронавирус бойынша елдегі ахуал күн емес, сағат сайын өзгеруде. Соңғы мәліметтерге сай дертті жұқтырғандар 3 қала мен 12 облыста анықталды.

 

Саят Ермек