Өнеркәсіп

Зауыттықтардың қауіпсіздігі – басты назарда

Зауыттықтардың қауіпсіздігі – басты назарда! Қазір қаламыздағы “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы тиісті талаптарға сәйкес еңбек етіп жатыр. Бүгінде өндіріс ошағындағы медбике  мамандарды тексереді, ал арнайы қызметкерлер әр 2 сағат сайын зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

Қазір “Мұнаймаш” АҚ-да жұмыс дәл осылай басталады. Таңертен медбике мен экология және өмірлік іс-әрекет қауіпсіздігі жөніндегі инженер әр маманның дене қызуын тексереді. Заманауи құрылғы ұсынған көрсеткіш талапқа сай болуы тиіс. Сонда ғана адамға еңбек етуге рұқсат беріледі.

Жұмыс орнында да тиісті талап сақталған. Мысалы, білдек операторлары бетперде тағып еңбек етеді. Әр қызметкерде бірнеше рет пайдалануға болатын 2 маскадан бар. Оларды басшылық беріпті.

Алиса Ахмарова – “Мұнаймаш” АҚ инженері:

– Біздегі қызметкерлердің барлығы нысан ішінде маскамен жүреді. Қорғаныс құралын арнайы тіктірттік. Жақында мамандарға қауіпті індет пен оның алдын алу туралы түсіндірдік. Түсіндіру жұмыстары ауызекі тілде емес, қағаз жүзінде жүргізілді. Ақпарат жазылған стенд орнаттық, жадынама тараттық.

Мұнда дезинфекциялық іс-шаралар да жүргізіліп тұрады. Мамандар әр 2 сағат сайын өздері отыратын бөлмені арнайы сұйықтықпен сүртеді. Яғни, қызметкерлердің барлығы есік-терезені, жұмыс үстелі мен орындықты, компьютер мен телефонды және жеке заттарын зарарсыздандырады. Өндірістік аймақта да шаруа қызу. Бұл жердің едені ұдайы хлор қоспасымен жуылады. Шаң сүртіледі. Жалпы, қазір елдегі қиындықтарға қарамастан “Мұнаймаш” АҚ-ы штатты режимде еңбек етіп жатыр. Өндірістік жоспарға айтарлықтай өзгеріс енгізілмепті. Тек аз-маз мәселе туындаған екен.

Спартак Пушкарев – “Мұнаймаш” АҚ басқарма төрағасы:

– Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинде. Шекара жабық. Осыған байланысты бірқатар қиындықтар туындаған болатын. Мәселен, шикізат пен материал жеткізілмей жатыр. Бірақ, іске кәсіпкерлер палатасы мен әкімдіктің араласуының арқасында мәселе біртіндеп шешілу үстінде. Мұндай ыңғайсыз жағдай өндірісімізге айтарлықтай кері әсер еткен жоқ. Барлық шаруа жоспарға сай атқарылуда.

“Мұнаймаш” АҚ-ы тамыз айына дейін 2,5 млрд теңгенің тапсырысын алған. Осы уақытқа дейін зауыттықтар мұнай өндіруге және жүк вагондарына арналған құралдарды дайындайды. Жалпы, бүгінде өндіріс ошағында 144 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақылары 180 мың теңгенің маңайында.

 

 

Култанов Байболат