Мәдениет

Наурыздың 27-сі – Халықаралық театр күні

Актерлер қауымы төл мерекелеріне орай игі істі қолға алды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымы мың маска тігіп, оны мұқтаж жандарға тегін таратпақшы. Мәдениет ошағының жұмысына қатысты тағы бір жаңалық: сахна майталмандары спектакльдерді сәуірден бастап онлайн режимде көрсетуді жоспарлап отыр.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Әдетте Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында әр апта сайын кем дегенде 2-3 мәдени шара ұйымдастырылатын. Алайда, коронавирусқа байланысты концерттер, қойылымдар мен түрлі жиындарды өткізуге уақытша тыйым салынды. Көріп тұрғандарыңыздай ғимараттың іші бос тұр. Қызметкерлерден өзге мұнда тірі жанды байқамайсыз.

Сахна – әзірге, өнерпазсыз, зал көрермендерсіз қалып отыр. Актерлер мен актрисалар сақтық үшін үйлеріне жіберіліпті. Десе де, мәдениет ошағы тігіншілерінің дәл осы уақытта жұмыстары қызған. Олар бұрынғыдай сахналық костюмдерді емес, бетперделер тігіп әлек. Нәзікжандылардың бірі матаны қиып, пішіп жатса, қалғандары оны тігу үстінде.

Марина Киященко – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының
технолог-үлгілеушісі:

– Бетперде тігуді осыдан 10 күн бұрын бастадық. Біз күніне 100-ден астам маска әзірлейміз. Қорғаныш құралдарын тігуге күнде 1-2 сағат жұмсаймыз. Театр ұжымын бетпердемін өзіміз қамтамасыз еттік.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Вирустан қорғану құралдарының бірі – бетперде. Тігіншілер әзірлеген мына бір маскаларды 2-3 рет қолдануға болады екен.

Наурыздың 27-сі, яғни бүгін – Халықаралық театр күні. Мерекеге орай мәдениет ошағының ұжымы игі шараны қолға алған. Олар өздері әзірлеген мың масканы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін таратпақшы.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Ұжымымызбен мереке күні осындай игі іс жасайық деп шештік. Бүгін үй-үйді аралап, бетперделерді мұқтаж жандарға табыс етпекшіміз. Егер қариялар тарапынан маскаға деген сұраныс артып жатса тағы тігіп беруге әзірміз.

Сөз соңында айта кетейік. Театр ұжымының жаңалығы бұнымен тыйылған жоқ. Өнерпаздар сәуірден бастап қойылымдарды онлайн режимде көрсетуді жоспарлап отыр.

 

 

 

Маржан Касымбек