МТРА жаңалықтары

Кей супермаркеттер мен дәріханаларда жеткізіп беру қызметі жұмыс істейді

Оқушылар сабақтарын үйде отырып оқитын болса, ересектердің сыртқа шықпай-ақ сауда жасау мүмкіндігі бар. Петропавлдағы бірқатар супермаркеттер мен дәріханаларда жеткізіп беру қызметі жұмыс істейді. Қажетті тауарлар мен дәрі-дәрімекті алу үшін далаға шығудың қажеті жоқ.

Шаһардағы ең ірі әрі танымал супермаркеттердің бірі. Нан, сүт, қант пен бір келі қызанақ – азық-түліктің стандартты жиынтығын оператор Кристина арбаға салып жатыр. Бірақ, өзіне емес, онлайн-тапсырыс жасаған клиентке.

Кристина Белова, жинаушы-оператор:

– Тапсырыс телефоныма келіп түседі. Менің міндетім – оны жинау.

Ал жиналған соң оның дұрыстығы тексеріледі.

Саят Ермек – тілші:

– Тексерістен кейін тауардың барлығы пакетке салынады. Бәрі қарапайым. Ал содан кейін курьерге табысталады.

Курьердің ісі одан да қарапайым – тауар толы пакетті тұтынушының үйіне жеткізіп беру. Тапсырысты тек азық-түлікке ғана емес, супермаркеттегі тауар түрлерінің бәріне де беруге болады. Қаласаң телефон арқылы хабарлас, қаласаң мобильдік қосымшаның көмегіне жүгін. Бәрі тез, ең бастысы үйден шығудың қажеті де жоқ. Қазіргі уақытта қызметтің мұндай түрі аса өзекті. Төтенше жағдай жарияланғалы бері дүкенге жүгірмей, үйде отырып сауда жасайтындардың саны артқан.

Юлия Петрова, супермаркет әкімшісі:

– Қалыптасқан жағдайға қарай тапсырыстардың саны біршама көбейді. Үйге жеткізіп беру қызметін, әсіресе қариялар көп пайдаланатын болды. Жарма, сұйық май мен көкөністерге сұраныс көп.

Бұған қарамастан, дүкен-супермаркеттерде сатып алушылардың саны әлі де көп, ал маска тағынып, қорғанып жүргендердің үлесі баяғыша аз. Билік бұқараға жеткізіп беру қызметтерін пайдалануға кеңес береді. Бүгінде сауда орындарының көбінде мұндай сервис бар. Вирус өршіп тұрған шақта бұл – әлдеқайда қауіпсіз. Орталықтағы бұл дәріханада да дәстүрлі кезек. Дегенмен, мұнда да үйге жеткізу қызметі пайда болғалы қашан.

Галина Бегишева, дәріхана басшысының орынбасары:

– Адам телефон арқылы хабарласып, қандай дәрі қажеттігін айтады. Егер медикаменттердің жалпы сомасы 5 мың теңгеден асса, біз оны үйіне тегін апарып береміз. Күніне көп дегенде 10 шақты тапсырыс қабылдаймыз.

Яғни, мұндай мүмкіндікті пайдаланып жатқандар шамалы. Неге дейсіз ғой? Өйткені, қазір жұртшылық тарапынан антисептиктер мен маскаларға деген сұраныс жоғары. Ал дәріханаларда олардың тапшы екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, өзге де дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға, әсіресе қарттарға, бұл сервисті пайдалануға көшкен абзал. Сақтанғанды құдай сақтайды!

 

 

 

Саят Ермек