МТРА жаңалықтары

ХҚКО онлайн режимде жұмыс жасауда

Қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығы наурыздың 26-сынан бастап онлайн режимде жұмыс істеуге көшті. Қазіргі күні төтенше жағдайға байланысты ғимарат есігі жабық тұр. Қажетті қызмет түрін енді қалай аламын деп уайымдамаңыз. Нысанда 60 маман күні бойы 1414 нөмірі бойынша қоңырау қабылдайды. Олар сізге телефонмен кеңес беріп, қашықтықтан қызмет көрсетеді.

Төтенше жағдай жарияланған соң халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандардың жұмысы осындай форматқа ауысты. Таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін қоңырау қабылдайды. Қаз-қатар тізіліп отырған 30 маман телефон арқылы жерлестеріміздің сұрақтарына жауап беріп, қашықтықтан қызмет көрсетеді. Бір күнде мұнда 400-ден аса қоңырау түседі екен.

Ерік Қасен – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы Call-орталығының жетекші маманы:

– Біз осылайша Қазақстан бойынша телефон шалғандарға қашықтықтан қызмет көрсетеміз. Оған не істеу керектігін түсіндіріп, нұсқау беріп отырамыз. Ол үшін азаматта жеке куәлігімен қатар қасында смартфон немесе компьютері болу керек.

Бұрын бұл нысанның іші халыққа лық толы болатын. Көріп тұрғандарыңыздай ғимаратта қызметкерлерден басқа ешкім жоқ. Бір күнде 60 маман 2 ауысыммен жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша жерлестеріміз бұрын қарапайым қызмет түрін рәсімдеу үшін орталыққа ағылса, қазір оны онлайн арқылы алып, үйреніп жатыр. Сәйкесінше карантин біткен соң келетін жұрттың саны да азая түспек.

Еркін Жұмабай – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Біз наурыздың 26-сынан бастап қашықтықтан жұмыс істеуге көштік. Мұнда облыстан ғана емес, республика бойынша қоңырау келіп түседі. Азаматтар 1414 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласып, мамандардан қажетті кеңес ала алады. Қоңырау шалу тегін. Дүйсенбіден сенбіге дейін жұмыс істейміз. Сондай-ақ, 21 наурызға дейін құжат тапсырған жандар үшін орталықта құжат беру терезесі де бар.

Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталығының тізілімінде 700-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі бар. Қазіргі күні оның 80 пайызын, яғни 600-ден астамына электрондық портал арқылы қолжеткізуге болады. Сонымен қатар, қызмет түрлерін «eGov mobile» қосымшасы мен әлеуметтік желілер арқылы да алуға болады.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан