МТРА жаңалықтары

“Біз біргеміз” акциясы жалғасуда

“Біз біргеміз”. Жүрекке жылу ұялататын акция жалғасын тауып жатыр. Жергілікті жасотандық жастар қарттар мен мүгедек жандардың үйлеріне  азық-түлік салынған қоржын жеткізіп беріп жүр. Жалпы, солтүстікқазақстандық белсенділер игі шара аясында 700-дей отбасыға көмек қолын созған.

Роза Имақова – 2-ші топтағы мүгедек. 50 жастағы нәзікжанды осыдан 5 жыл бұрын бауыр циррозына шалдығыпты. Содан бері қимыл-қозғалысы қиындаған. Салдарынан жұмыс та істей алмайды екен. Жалғыз күнкөрісі – мемлекеттен берілетін жәрдемақы. Алайда, ол ақша пәтерден жалдаудан артылмайды.

Роза Имақова – қала тұрғыны:

– Пәтер иесі баспананы сатамыз деп жатыр. Енді не істерімізді білмеймін.

Роза Имақованың жағдайы ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Жасотандықтар нәзікжандының үйіне келіп, азын-аулақ азық-түліктерін табыс етті. Игі шарадан көпке танымал актриса Самал Еслямова да қалыс қалмады.

Самал Еслямова – актриса:

– Қарттарға осылай көмек көрсетуіміз керек. Ата-анамыз бізді бала кезден жақсы қасиеттерге үйреткен.

Биылғы жылдың басында «Біз біргеміз» атты жалпыреспубликалық акция бастау алған болатын. Шара аясында жергілікті жасотандық жастар 700-ге жуық отбасыға әлеуметтік қоржын табыс етіпті.

Біржан Құдайбергенов – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Аз қамтылған отбасылар, көпбалалы жанұялар мен мүгедек жандарға көмек қолын созып жүрміз. Оларға азық-түлік, маска және антисептиктерді таратып жатырмыз.

Айта кетейік, аталған акция сәуірдің 16-сына дейін жалғасады.

 

 

Маржан Касымбек