ТЖ

Балықшыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Ауа райы күннен күнге жылып келеді. Енді мұз үстінде отырып балық аулауды доғарған жөн. Өйткені, өзен-көлдердегі қысқы тонның қалдыңдығы әбден жұқарып қалған.

Қазіргі күні өңір тұрғындарының көбісі бос уақыттарын өзен-көлдерге барып, балық аулаумен өткізеді. Мәселен, қалалық жағажайдың маңы Петропавл балықшыларының сүйікті орны деуге болады. Бұл жерде күндіз де, түнде де Есіл өзенінің үстінде құрылған шатырларды көруге болады. Евгений Куминов балық аулаудық қыр-сырын бала кезінен меңгерген. Бос уақыты пайда бола қалса өзенге келіп, қармақ салады. Жерлесіміз мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін де ұмытпаймын дейді.

Евгений Куминов – балықшы:

– Тексерілген, мұзы қалың жерлермен ғана жүреміз. Балық бар, жақсы қауып жатыр. Осылай таза ауаға жиі шығып тұрамыз. Құтқару құралдарын мүмкіндігінше сатып алуға тырысамыз. Мұздың бетіне жалғыз шықпаймыз. Бұл өте қауіпті.

Өзен-көлдердегі рейдті құтқарушылар күн сайын өткізіп тұрады. Балықшыларға мұздың үстіне шықпаңдар деп тыйым сала алмаса да жиі ескерту айтып отырады. Ұдайы жүргізілетін алдын алу шараларына қарамастан оқыс жағдайлар кездесіп жатады. Тура бір жыл бұрын Қызылжар ауданына қарасты Ивановка ауылының тұрғыны суға батып кетті. Ол балық аулауға шығып, үйіне қайтып оралмаған. Құтқарушылар денесін қанша іздесе де таба алмапты. Ал осы айда облыс орталығында тағы бір оқыс жағдай орын алды. Есіл өзенінің мұзы ойылып кетіп, қала тұрғыны әзер дегенде аман қалған.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД “ӨС және АҚЖҚ” ММ ЖҚЖ құтқару бөлімшесінің басшысы:

– Пәле аяқ астынан. Мұздың бетіне қағып орнатылған шатыр қатты жел соқса ұшып кетуі мүмкін. Ал оның артынан қуған балықшы жүгіріп жүріп мұздың жұқа жеріп басып кетеді. Мұның ақыры қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ондай жайттар көп.

Дәл қазір мұздың қалыңдығы шамамен жарты метрдей ғана. Құтқарушылардың сөзінше оның тығыздығы адамды көтере алмайды. Жарылып кетеді.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД “ӨС және АҚЖҚ” ММ ЖҚЖ құтқару бөлімшесінің басшысы:

– Балықшылардың көбісі өз тәжірибелеріне сенеді. Суға түсіп көрмегенмін, түссем өзім-ақ шығып кете аламын деп айтады. Біз тек ескерту ғана айтамыз, айыппұл сала алмаймыз. Өмірі мен денсаулығы өз жауапкершіліктеріне байланысты, әрине.

Сондай-ақ, мамандар түнгі уақытта балыққа бармауға, ішімдік ішпеуге кеңес береді. Және үйден шығар кезде жақындарын алдын ала ескерткендері жөн дейді.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан