МТРА жаңалықтары

Бағасы арзан көкөніс дүкендерге жеткізіліп жатыр

65 теңгенің картобы, 70 теңгенің пиязы. Петропавл тұрғындары мұндай бағаларды ертегіге теңеп отыр. Коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланғалы бері көкөніс қымбаттады деп шағым түсіріп жатқандар көп. Бірақ, тұрақтандыру қорындағылар құны арзан тауар дүкендерде бар дейді.

Ең керекті деген көкөністер тұрақтандыру қорының қоймасынан тура фургонға тиеліп жатыр. Картоп, қырыққабат, пияз бен сәбізге толы жүк көлігі қаладағы супермаркеттердің біріне жол тартты.

“Солтүстік” корпорациясының мамандары былай дейді: қоймаларда бұл 4 аталымның тиісті қоры бар және олар белгіленген арзан бағамен саудаланады. Сөздерінше, картоптың келісі – 65, қырыққабат – 85, сәбіз – 80, ал пияз 70 теңгеден сатылып жатыр. Өзгеріс жоқ. Құны төмен тауарды шаһардың ірі деген барлық дүкен-базарларынан табуға болады.

Роза Тастанбекова – «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ департаментінің басшысы:

– Аталған тауарлар “Семейный” мен “Северный” сауда желілерінде, “Достық молл”-да, “Айсберг”, “Пирамида” мен “Волна” супермаркеттерінде, Жұмысшы кентіндегі “Стекляшка” және Ойқаладағы “Ишим” дүкендерінде сатылымда бар.

Бұл тізімге “Тайга”, “Дария”, “Корона” мен Коммуналдық базар да кіреді. Бірақ, жұртшылық қымбатшылыққа шағымданып жатыр. Сол картоптың 100 теңгеден арзанын көрмейміз дейді көбісі. Роза Тастанбекованың сөзінше мәселе мынада: сауда орындары көз ілінетін сөрелерге тауардың қымбатын қояды екен. Ал тұрақтандыру қорының арзан көкөнісі бар, бірақ оны іздеп жүріп табу керек.

Роза Тастанбекова – «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ департаментінің басшысы:

– Мәселен, Мұқанов көшесіндегі “Семейный” супермаркетінде біздің өнім түкпірде, ағаш жәшіктерде тұрады. Оны табу үшін сәл әрірек жүру керек.

Баға қазір ерекше қатаң бақылауда деп сендіріп отыр мамандар. Өйткені, төтенше жағдай жарияланғаннан бері базалық көкөністерге сұраныс күрт артқан. Әсіресе, картопқа.

Владимир Михайленко – “Радуга” ЖШС директорының қойма логистикасы жөніндегі орынбасары:

– 5 күн ішінде қала дүкендеріне картоптың 27 тоннасын жеткіздік. Ал ақпанда сол 27 тоннаны бір айда шығарған едік. Сұраныс бақандай 4 есеге артып отыр.

Сұраныс артқанымен, шағым кеміп жатқан жоқ. Сауда орындарының иелері де, тұтынушылар да өнімнің сапасына наразы. Іріген-шірігені көп дейді көпшілік. Осыны тексермекке “Радуга”-дағы қоймаға “Қызылжар – адалдық алаңы” кеңсесінің белсенділері келді. Көкөністің күйін көздерімен көрді, Инстаграмм арқылы бұқараға да көрсетті.

Амангелді Сатанов – «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Бұған дейін біз сауда орындарына барып, тұтынушылармен тілдесіп, бағаны тексердік. Ал мұнда көкөністердің сақталуын қарап жатырмыз. Ешқандай ескерту жоқ.

Тұрақтандыру қорының тауарларын сөреден таппасаңыз, сатушылардан сұраңыз. Өлкеде көкөністің дефициті жоқ. Қазір “Солтүстік” корпорациясының қоймаларында пияздың – 100, картоптың – 335, сәбіздің – 80, ал қырыққабаттың 30 тоннадайы сақтаулы тұр.

 

 

 

 

 

Саят Ермек