Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асырылады?

Оқушылар да, ата-аналар қауымы да аң-таң. Сәуірдің 6-сынан елімізде қашықтықтан оқыту бастау алады. Бірақ, уайымдаудың қажеті жоқ. Педагогтар онлайн жұмысқа қажетті порталдар мен бағдарламаларды меңгеру үстінде. Ал интернетке шығу мүмкіндігі жоқ ұл-қыздар үшін сабақ теледидар арқылы өткізіледі.

Тура 10 күннен кейін 4-ші тоқсан бастау алады. Әдетте тақта алдында тұрып сабақ түсіндіретін ұстаздар экранның алдына ауысады. Қазір 25-ші орта мектеп мұғалімдері видеоконференцияға шығып, күн тәртібіндегі басты мәселені талқылау үстінде. Педагогтар қашықтықтан оқыту үшін Zoom платформасын таңдапты. Қазір бағдарламамен жұмысты өздері жіті меңгеріп жатыр. Ұстаздардың мақсаты – тақырыпты түсіндіріп қана қоймай, оқушылардың білімін тексеру. Ол сабақ барысында да, бақылау кезінде де жүзеге асырылмақ.

Махабат Құрманова – №25 орта мектебі директорының орынбасары:

– Мұғалімдер сабақ жоаспарын күнделікке енгізеді. Оның ішінде видеоға жазылған сабақтары мен қажетті сілтемелер кіреді. Кейін оқушылар сабақты түсінгеннен кейін үй жұмысын жібереді.

Білім ошағында 1-10 сынып аралығында 435 оқушы бар. Бүгінде олардың тең жартысы тиісті сайтқа тіркелген, яғни қашықтықтан оқуға дайын. Ал қалғандарына қатысты мәселе әлі шешіліп жатыр. Егер интернетке компьютер не телефон арқылы шығу мүмкіндігі болмаса, ұл-қыздар теледидар арқылы білім алмақ. Иә, енді көк жәшіктегі екі арна таңғы 9-дан түскі 3-ке дейін кино мен мульфильм емес, сабақ роликтерін көрсетпек. «Балапан» – қазақ тілді, ал «Еларна» орыс тілді мұғалімдердің уақытша орнын басады. Бейнежазбалардың ұзақтығы – 15 минут. Бұл – жаңа тақырыпты түсіндіруге арналған уақыт. Осылайша әрбір сынып оқушысы кез келген пән бойынша өзіне керек мағлұматтарды игере алады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Кері байланыс Күнделік журналы арқылы жүргізіледі, сонымен бірге Whats App арқылы жүргізіледі. Сәуірдің біріне дейін бұл бейнероликтер дайындалып, мектептерге жіберіледі. Сабақ кестесі де осы уақытта шығады.

Сәуірдің 6-сынан бастап өңірдегі 474 мектеп қашықтықтан оқытуға ауыспақ. Жаңашылдық бойынша тек 1 мен 11 сынып оқушылары ғана емес, даярлық топтарындағы балғындар да онлайн режимге көшпек. Жалпы саны 78 мыңнан аса ұл-қыз әзірге білімдерін үйде, экран алдында отырып толықтырмақ. Қазір мұндай жүйе арқылы облыстағы колледждер мен жоғарғы оқу орнының студенттері жұмыс істеуде.

 

Эльмира Садвокасова