Қоғам

Жүк тасымалына қатысты өзгерістер

Қарақұмық, қант, картоп пен сұйық май. Қазақстаннан азық-түліктің 9 түрін сыртқа шығаруға тыйым салынды. Ал өзге тауарларды шекарадан өткізуге қатысты шектеу жоқ. Тек жүргізушілерге қатысты бірқатар талаптар бар.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері тұрғындардың өмірінде елеулі өзгеріс орын алды. Қазір бірі қашықтықтан жұмыс істеуге көшсе, енді бірі мүлдем демалысқа шыққан. Ал жүк тасымалымен айналысатын азаматтардың шаруасы сол баяғыша жалғасуда. Әрине, шекара асатындарға бұрынғыдай емін-еркін қозғалуға болмайды. Қазір жүргізушілер шетел паспортын өздерімен бірге ұстауға міндеттеліп отыр. Әйтпеген жағдайда Қазақстанға кіре де, шыға да алмайды.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Егер Ресейден келген жүргізушінің өзімен бірге шетел паспорты болмаса, онда оны қазақстандық азамат алмастыруы тиіс. Осылайша жүкті діттеген жеріне дейін жеткізеді. Шекарадан өтуге байланысты шектеулер енгізілгелі мұндай жағдай әлі тіркелген жоқ. Себебі, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін біз жаңашылдықтарды бірден барлық бизнесмендерге жеткіздік. Омбы мен Түмен облыстарының омбудсмендерімен де арадағы жүк тасымалына қатысты мәселелерді талқыладық.

Тағы бір шектеу – жүк машинасында тек бір адам, яғни жүргізуші ғана болуы тиіс. Тауарды тасымалдауға тартылған өзге азаматтар шекарадан өтпейді.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Бірқатар тауарды Қазақстаннан шығаруға тыйым салынды. Азық-түлікке қатысты қарақұмық, бидай ұны, қант, картоп пен сұйық май сынды 9 бірдей түрі бар. Бұл – карантин уақытында барша тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар тауармен қамту үшін қарастырылған шара. Жарлық шыққан соң, өзгерісті кәсіпкерлерге жеткіздік. Қазір шекарада тауар тасымалымен айналысатын жүк көліктері тексерістерден өтуде.

Мамандардың сөзінше, әзірге заңбұзушылықтар орын алмапты. Айта кету керек, өңірде 4 шекара бекеті жұмыс істейді. Бірақ, жүк көліктеріне тек екеуі арқылы ғана Ресейге шығуға мүмкіндік бар. Ол – Жаңажол мен Қарақоға бекеттері.

Эльмира Садвокасова