COVID-19: Қазақстан

Вирус жұқтырған нәзікжандының жағдайы тұрақты

Бұған дейін  өңірімізге Омбыдан оралған нәзікжандының вирус жұқтырғаны анықталған болатын. Азаматша қазір карантинде. Науқастан алынған анализ үлгілеріне Алматы қаласында қосымша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде айтылды. Тағы жиында масканы кімнің және қай жерде тағу қажеттігі қаузалды.

Қазір тұрғындардың кейбірі далада маска тағып жүр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова бұл дұрыс емес дейді. Қозғалыстағы дені сау адам бет-аузын тұмшаламай, керісінше ашып, таза ауа жұтуы тиіс екен.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

–  Дені сау адам далада маска тақпау қажет деп санаймыз. Бетпердені аз да болсын ауру белгілері байқалған жандар ғана тағуы керек. Өйткені, медициналық құрал сол тұлғаның жақындарын және айналадағы тұрғындары түрлі індеттерден қорғайды. Осыны жерлестеріміз ескерсе дейміз.

Ал дені сау адам масканы қай жерде тағуы қажет? Бұл сұраққа Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин жауап берді. Оның сөзінше кез келген жан халық көп шоғырланатын орындарда қорғаныс құралын пайдалануы керек.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Сауда орындарында адамдар маскасыз жүр. Бұл дұрыс емес. Халық көп келетін жерлерде келушілер міндетті түрде бетперде тағулары қажет. Тұрғындар осы ережені ескерсе, қауіпті вирусты жұқтырмау мүмкіндігі артады.

Брифинг барысында коронавирус жұқтырған азаматшаның хал-жағдайы жайлы айтылды. Естеріңізге сала кетейік, кеше өңіріміздің бас дәрігері Петропавлға Омбы қаласынан келген 27 жастағы жерлесіміздің науқастанғанын мәлімдеген болатын. Қазір нәзікжанды карантинде. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 12 адам 4,5 сағаттың ішінде анықталыпты. Араларында 1 плацкарта болғандар, жолаушыны вокзалдан үйіне жеткізген таксист те бар. Олар да тексеріліпті, ешқандай ауру белгілері анықталмаған, шағым түспеген.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Науқастың хал-жағдайы бірқалыпты, ешқандай шағым жоқ, дене қызуы 36,8-ді құрады. Қалған көрсеткіштер де тұрақты. Әзірге, науқас карантинде болады.

Айта кетейік, азаматшаның анализдері Алматыға қосымша сараптамаға жіберілді. Нақты жауап бірер күнде жарияланады. Бүгінде аталған қыз тұрған үйдің подъезі де карантинде. Карантинің қашан аяқталатыны оңтүстік астанаға жіберілген сынама нәтижесі белгілі болған соң анықталады.

Байболат Бектемірұлы