МТРА жаңалықтары

Президент тапсырмалары

Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мемлекет басшысы халықты жауапты болуға шақырды және бірқатар тапсырма жүктеді. Енді ережені елемей, іс-шара өткізген жандар қатаң жазаланады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар шаруа атқарылады.

Бұл – Түркістан облысы. Ауылдағы ағайын даладай дастархан жайын, ән салып, би билеп, дүркіретіп той тойлап жатыр. Ал бұған тыйым салынғаны мәлім. Елдегі төтенше жағдайға байланысты бірде-бір іс-шара ұйымдастыруға болмайды. Дегенмен, қонақжай азамат Президент пәрменіне құлақ аспады. Осы үшін жауапкершілікке тартылды. Бүгінде мұндай тәртіп бұзушылық жалғыз Түркістан емес, өзге де аймақтарда анықталуда. Мәселен, наурыздың 16-сы мен 23-ші аралығында республикада осындай 18 факті орын алыпты.

Ережені елемеу СҚО-да да тіркелді. Жақында бірнеше ойын-сауық мекемесінің шектеуге қарамастан жұмысын жалғастырғаны белгілі болды. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы мәселені көтерді. Және жауапсыз басшыларға жазаны күшейтуді, тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәжірибе «тәуекел тобына» жатқызылатын тұлғалардың медицина жүйесіне үлкен жүктеме салатындығын және олардың арасында өлім-жітімнің жоғары екендігін көрсетіп отыр. Олар – денсаулығында кінәраты бар, созылмалы аурумен ауыратын 55 жастан асқан азаматтар. Олардың жұмысқа шығуын барынша шектеп, үйде оқшаулану режимімен қамтамасыз ету қажет.

Бұл – мемлекет басшысының мемлекеттік комиссия отырысында жүктеген екінші тапсырмасы. Тазалық шараларына келейік. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық талаптар сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» және «оңтайландыруға» жол жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Яғни, құқық бұзушылықтың көбеюіне, ең алдымен, ұрлыққа, тонауға, талан-таражға салуға, биліктің заңды талаптарына бағынбауға жол бермеген маңызды. Осыған байланысты қоғамдық орындардың күзетін, оларды жарықтандыру және бейнебақылаумен жабдықтау шараларын күшейткен жөн. Бұған полицияның бүкіл құрамын жұмылдыру керек.

Нұр-Сұлтан, Алматы сынды еліміздің ірі қалаларына карантин енгізілді. Қос шаһардағы тұрғындар мейлінше сыртқа шықпай, баспаналарында болғаны абзал. Ал үйде отырған адам мобильді технологияларды жиі қолданады. Яғни, қашықтықтан жұмыс істейді, білім алады. Осы орайда қазақстандықтардың құлағына алтын сырға. Енді Президент тапсырмасына сай төтенше жағдай режимінде қарыз пайда болған кездің өзінде байланыс қызметтерін ұсыну жалғаса береді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласына ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек.

Ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларына қосымша құн салығын уақытша төмендету, маңызды импортқа кедендік баждарды жою. Президент пәрменіне сай бұл жұмыстар бір аптаның ішінде жүзеге асуы қажет. Бұдан өзге де тапсырма бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Үкіметке, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субьектілеріне 2020 жылдың 20 наурызынан бастап шағын және орта бизнес субьектілері үшін оларға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандары бойынша жалға беру төлемдерін үш ай мерзімге тоқтатуды тапсырамын. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарын жалдау құнынан босату бағытында жұмыс жүргізуі қажет.

Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһанды жайлаған індетпен күрес жолында дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен өзге де мамандар аянбай тер төгіп жатқанын хабарлады. Және оларға шынайы алғысын білдіріп, 1 айлық жалақы көлемінде сыйақы беру қажеттігін айтты.

Байболат Бектемірұлы