Құқық қорғау органдары

Өңірде мереке күндері 3 алаяқтық фактісі тіркелді

Бетпердеге тапсырыс беремін деп бармағын тістеп қалды. Интернет арқылы 7 мың дана маска сатып алмақшы болған солтүстікқазақстандық кәсіпкер  алаяқтың қармағына ілікті. Ал бір қу келіншек 2 зейнеткердің сеніміне кіріп алғаны соншалық  қариялар ұсынылған жалған ақшаның орнына / түпнұсқасын ұстатып жіберген.

Сұлулық салонына арналған өнім сатумен айналысатын іскер азамат Instagramнан 7 мың дана медициналық маскаға тапсырыс жасап, қолақпандай 400 мың теңге аударып жіберген. Ақшаны қалтаға басқан алаяқ ақыры ізім-ғайым жоқ болады. Алданған кәсіпкер полицияға жүгініпті. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлімінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Қазіргі таңда төтенше жағдайды пайдаланып, оңай жолмен ақша табуды көздеген интернет-алаяқтар азаяр емес. Сол себепті, ақпараттық жүйелердің көмегімен мәмілелер жасау кезінде белгісіз дереккөздерге сенбеу керек. Әлеуметтік желілерде тіркелген интернет-дүкендерде аккаунттың тіркелген күнін, жарияланған посттар санын зерделеп, алдыңғы тапсырыстардың жеткізілгені туралы өзгелердің пікірін оқып алу қажет.

Сондай-ақ, полицияға алаяқтардың қармағына іліккен тағы екі қала тұрғыны арыз түсіріпті. Өзін ерікті деп таныстырған келіншек 76 жастағы зейнеткердің үйіне келіп әкімдіктен жолданған сыйлығы барын айтқан. Сыйақының көлемі 1000 теңге деп жалған ақша ұстатып, айырмасы ретінде түпнұсқаны қалтаға басқан.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Қаскөй әйел зейнеткерге кейін анықталғандай, жалған кәдесый 5 мың теңге беріп, қалған ақшаны қайтарып беруді өтінген. Еш нәрседен күмәнданбаған зейнеткер жалған кәдесый ақшаны алып, 4 мың теңге қайтарып береді. Бұдан бөлек, қарттың сеніміне кірген қаскөй әйел одан жалған 2 мың теңгені айырып алады.

Әккі қу дәл осындай әрекетпен тағы бір зейнеткерді сан соқтырып кеткен.
Полиция қызметкерлері алаяқты бір күннің ішінде қолға түсірді. Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға елдегі төтенше жағдайды өз қамы үшін пайдаланып, жеңіл ақша табуды көздеген алаяқтардан сақ болуды ескертеді.

Дана  Ешкенова