Қоғам

Үйде отыру қажет

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар шақ. Жалпы, қауіпсіздік үшін билік азаматтарға үйде отыруға кеңес беруде. Бірақ, қауіпті індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, көшеде серуендеп жүргендерді жиі кездестіруге болады.

Диванда жатып-ақ, адамзатты құтқара аламыз. Бұл миссияны абыроймен атқарайық! Қайда ілініп тұрғаны белгісіз, әйтеуір бір лифтідегі бұл “үндеу” желіні кезіп жүр. Күлкілі болса да, ақиқат. Шынымен, бұқараға жөнсіз үйден шықпаған жөн қазір.

Эрик Байжүнісов – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” ҰАҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Қонаққа баруды қойыңыздар. Өздеріңіз де қонақ шақырмаңыздар. Үйде отыру керек.

Яки қарым-қатынасты қаншалықты қысқартсақ, коронавирустың таралу қаупі соншалықты төмендейді. Бұл – факті. Сондықтан да студенттер, оқушылар мен мұғалімдер – үйде. Мекеме, ұйым, кәсіпорындардың көбі де қашықтықтан жұмыс істеуге мәжбүр.

Саят Ермек – тілші:

– Иә, 4 қабырғада отыру іш пыстырады, иә, бір уақыт көшеге шығып, дүкен аралап, серуендеп, қыдырып жүргіміз келеді. Бірақ, қалыптасқан ахуалда мұның қауіпсіз емес екендігін әрқайсымыз түсінуіміз керек. Одан қалды үйдегі уақытты да тиімді өткізуге болады емес пе?! Қаласаң кітабыңды оқып, рухани азықтан, қаласаң теледидардан сүйікті фильмдеріңді көр. Мүмкіндік пен ынта болса, үйден шықпай-ақ денсаулықты нығайтып, спортпен де айналысуға болады.

Ал себепсіз көшеге шыққаның – өзіңнің де, өзгенің де басын қатерге тіккенің дейді қала тұрғыны Алтай Солтан. Өзі мектепте мұғалім, сондықтан қазіргі серігі – ноутбук, балаларды онлайн оқытуға дайындалып жатыр.

Алтай Солтан – қала тұрғыны:

– Ауырғың келмесе, ағайын туысқаным, жұртым аман, елім тыныш болсын десең шыда, шыдамдылық пен сабыр керек. Жұмысыңды істеп, оқуыңды оқытып, балаларыңа көмегіңді көрсетіп отыр үйіңде дейді де.

Жеңгеміз де ұстаз. Бірақ, күннің жартысын сыныпта емес, қазір ас үйде өткізеді.

Жазира Көкбас – қала тұрғыны:

– Балалар “Мама, ертең қандай тамақ істейсің, ертең не пісіресің”,-деп жаңа дүние сұрап тұрады. Бұл барлық әйел қауымның басында бар дүние шығар.

Қалжың қалжыңмен, тек ел басына күн туған бұл кезеңде жанды күткен дұрыс дейді Жазира ханым. Қыдырысты қойшы, қарапайым дүкенге шығудың өзін отанасы қазір қысқартқан.

Жазира Көкбас – қала тұрғыны:

– Үйден тек сүт әкелуге шығамыз, нанды көшеден алмаймыз, өйткені үйде отырғасын бауырсақ пісіреміз, нанды да қолдан саламыз. Балалар үйден шықпайды. Қыз бала болғаннан кейін бе, далаға шығып, достарға баруға сұранып, мазамызды алмайды. Соған қарағанда балалар да жағдайды түсінетін сияқты.

Балалардың ойынға уақыты да жоқ сияқты. Өнер колледжінде оқитын үлкен қыз бөлмесін репитиция залына айналдырған. Күні бойы қобызда ойнайды. Ал кенже қыздың ермегі – мультфильмдер мен фортепиано.

Саят Ермек – тілші:

– Ал қызмет бабымен үйде қала алмайтындар ше? Олардың қауіпсіздік шаралары бейжай қарамағандары жөн. Масканы шешпеңіз, қолды ұдайы зарарсыздандырып отырыңыз. Өйткені, коронавирус біздің облысты да айналып өтпеді. Ендігі міндет – оның белең алуына жол бермеу.

Осы орайда ақхалаттылардың әлем бойынша таралған мына челледжіне назар аудармасқа болмайды. “Біз сіздер үшін жұмыста қалдық, сіз біз үшін үйде болыңыз!” Бұқара бұл үндеуге құлақ асса, дәрігерлерімізге артылар жүктің біршама жеңілдейтіні сөзсіз.

Саят Ермек