Халық тарих толқынында

“Естеліктерге апарар жол” жобасы аясында

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Осыған орай Ресейде «Естеліктерге апарар жол» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шара аясында Мәскеудегі мемориалдық тақтаға  майдангерлердің аты-жөндері қашалып, фотосуреттері қойылуда. Ескерткішке  3 жарым мыңнан астам солтүстікқазақстандық жауынгер туралы мәлімет жазылған.

Кезінде Ұлы Отан Соғысына өңірден 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық шақыртылған. Жерлестеріміз елі үшін, жері үшін неміс-фашист басқыншыларымен шайқасқа түсті. Қан майданда 32 мыңнан аса теріскейлік жан тапсырған. Тағы мыңдаған адам із-түссіз жоғалды. Туған жерге небәрі 30 мыңға жуық жауынгер оралған.

Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Соғыс кезінде із-түссіз жоғалған жандар әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Өкінішке қарай, кейбір жерлестеріміздің туған-туыстары өзге елге көшіп кеткен немесе көз жұмған. Салдарынан майдангерлер туралы мәлімет жинақтау қиынға соғып тұр.

Ерлердің ерлігі ұмытылмайды. Ресейде «Естеліктерге апарар жол» жобасы қолға алынған болатын. Шара аясында Мәскеу қаласында биіктігі – 3, ал ұзындығы мың метрден асатын мемориалдық тақта ашылыпты. Оған ҰОС-на қатысқан майдангерлердің аты-жөндері қашалып жазылып, фотосуреттері қойылуда. Игі істен солтүстікқазақстандықтар да құр қалмады. Бүгінге дейін 3 мың 500-ден астам жерлес майдангердің бейнелері ескерткіштен орын тапқан. Мамырдың 9-на дейін тағы 2 мыңдай фотосурет жіберу жоспарланып отыр.

Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Облыстық архивтің мамандары әлеуметтік желіде арнайы сайт ашып, фотосуреттер мен мәліметтерді жинақтап жатыр. Жерлестеріміздің көпшілігі мемориалдық тақта жайлы хабарсыз. Сол себепті, бізге жүгініп жатқан жандар саны аз.

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Осыған орай Петропавл қаласында соғыс ардагерлеріне арналып жасалған фотомозаикалардың қатары толықпақ.

Маржан Қасымбек