COVID-19: Қазақстан

Солтүстікқазақстандық қоғам белсенділері ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуіне қолдау білдіруде

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– 16-шы наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды. Президенттің бастамасын қолдап, Елбасымыз республикалық деңгейде қор құруды тапсырды. Бұл қорды құру өте тиімді. Неге десеңіздер, қазір бизнес нысандары мен жұмыс орындары жабылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайы одан сайын нашарлап бара жатыр. Елбасымыздың құрған қорындағы ақшаның барлығы әлеуметтік жағдайы нашар жанұяларға, мүгедек жандарға, зейнеткер ата-әжелерімізге беріледі. Оларға біріншіден – азық түлік, ал екіншіден маска мен антисептик сияқты қолданысқа күнделікті қажетті заттар алынады. Бәрі халық қиналып қалмасын деген мақсатпен ұйымдастырылып отыр. Мұны өз басым қолдаймын. Осындай қиын жағдай орын алған кезде ел болып, жүкті жұмыла көтерсек, бұл дағдарыстан да өтіп кетеміз. Қазіргі таңда біздің қаламыздағы дүкендердің көбінде жеткізіп беру қызметі ашылып жатыр. Мұны бірі білсе, бірі білмейді, сондықтан біз мұны түсіндіріп жатырмыз. Төтенше жағдай басталғалы бері күш құқық қорғау органдары мен медициналық қызметкерлерге түсті. Сондықтан да біз осы қызметкерлердің еңбегін бағалай біліп, нұсқауларын тыңдауымыз керек.

Бақытжан Сәмиева – қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Елбасының қор ашу тілегі бар, мұны біз қолауымыз керек. Бәріміз бірігіп үлкен кісілерге, мүгедектерге көмектессек, бәрі жақсы болады. Жеке кәсіпкер, әйел азамат, ана мен әже ретінде қарт жандарға көмек көрсетуге дайынмын. Ата-апаларымызға хабарласып, бір нәрсе керек болса, қысылмай сұраңыздар деп айттық. Қажет болса дәрі дәрімектерін, наны мен сүтін алып береміз. Менің кәсіпкерлерге үндеуім бар: осындай қиын жағдайда қол ұшын беріңіздер, маскаларды болсын, антисептиктерді болсын өз бағасымен сатыңыздар. Соны сұрағым келеді.

Саят Ермек