МТРА жаңалықтары

Петропавлда көпқабатты үйлердің подъездері дезинфекциялануда

Қауіпсіздік – басты назарда. Бүгіннен бастап Петропавлда көпқабатты үйлердің подъездері дезинфекциялануда. Тазарту шараларына әрбір пәтер иелерінің кооперативі жауапты. Ал шаруа қаншалықты талапқа сай атқарылатынын қалалық әкімдіктің өкілдері қадағалайтын болады. Мамандар зарарсыздандыру жұмыстарын алғаш болып Береке ықшам ауданында орналасқан көп пәттерлі баспаналардың подъезінен бастады.

Қолғап пен медициналық халат киген, беттеріне маска таққан. Бір-бірден шүберек пен сұйықтық шашқыш құрал ұстаған. Мамандар арнайы дезинфекциялық затты есік пен жақтауларға, терезелерге шашып, жіті сүртіп жүр.

“Петропавл тұрғын үй қызметі” серіктестігіне Береке ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің 80 пайызы қарайды. Зарарсыздандыру шараларына 25 адам тартылған. Мамандар таң ата тұрып кеш батқанға дейін өздеріне қарайтын үйлердің түгелін тазалап шығамыз дейді.

Жанболат Ташетов – “Петропавл тұрғын үй қызметі” ЖШС бас инженері:

– Дезинфекциялау шаруасы подъездерде енді күнде жүргізіледі. Бұл сәуірдің 15-не дейін жалғаспақ.

Петропавлда көпқабаттың үйлердің саны мыңнан асады. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуынша баспаналарды зарарсыздандыру жұмыстарымен пәтер иелерінің кооперативі айналысуы тиіс.

Ерсайын Альясов – қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

– Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап тиісті қауіпсіздік шараларын қолға алып жатырмыз. Адам көп жүретін орындарды жіті тазалап отыру қажет. Бұған көпқабатты үйлер де кіреді. Осы орайда әрбір кооператив өзіне қарасты нысанның іші мен маңайында зарарсыздандыру жұмысын ұдайы жүргізіп тұрулары керек.

Айта кетейік, жұқпалы вирус металлда – 3, пластик беттерінде 5 күнге дейін, ал әйнекте 96 сағатқа дейін сақталады екен. Сондықтан, дезинфекциялау жұмыстарын жиі өткізген жөн.