МТРА жаңалықтары

Оқушылар бос уақыттарын тиімді пайдаланулары тиіс

Қазір оқушылардың бос уақыты көп. Демалысқа ерте шықты, барып жүрген үйірмелері де қазіргі ахуалға байланысты тоқтатылған. Ұйқыларын қандырып, сабақтан сәл демалып, ойын баласы ойынның қызығын көріп жүр десек артық айтқандық емес шығар. Далаға шығып жүгіруден бөлек, үйге кіргенде телефонға телміріп отыратындарымыз да бар. Осы ретте өңірдің бас мұғалімі Гүлмира Кәрімова шәкірттерге уақытты пайдалы өткізуге кеңес береді. Мәселен, сол смартфоннан онлайн кітапханаға кіріп, кітап оқуға болады.

Қазір оқушылар мен ұстаздар сәуірдің 5-не дейін 20 күндік каникулға кетті. Демалыс ұзақ. Осы орайда ұл-қыздар бос уақыттарын қалай тиімді өткізеді деген сұрақ туындайды. Бірақ, қазір ғаламтордың дамыған заманы ғой. Әр баланың қолында бір-бір смартфон, планшеттен бар. Түртіп қалсаң іздеген дүниенің барлығы шыға келеді. Осы орайда мамандар оқушыларға өздерінің ой-өрісін кеңейтіп кітап оқысын дейді. Бұл – оларға мектептен тыс білім алуға жақсы мүмкіндік.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-Қазіргі күні кітап оқып, ой-өрісімді кеңейтемін дегендерге мүмкіндік көп. Мәселен, kitap.kz деген сайтта ақын-жазушыларымыздың 20 мыңнан аса шығармалары бар. Және олардың аудио нұсқалары да кездеседі. Мұның барлығын смартфонға жүктеп алуға болады. Сондай-ақ, білім.кз, твик, аймектеп.кз деген сайттар да жұмыс істеп тұр. Барлығы тегін.

Оқимын дегендерге қазіргі уақытта барлық мүмкіндік жасалған. Айта кетейік, қазір университет пен колледж студенттерінің барлығы қашықтықтан оқытуға ауысты. Жастар әлеуметтік желілер мен электронды пошта арқылы ұстаздан тапсырма алып, орындауда. Сонымен қоса, студенттер Қазақстанның OpenU.kz ашық университетінің порталына кіріп, тегін онлайн курстарды да оқи алады. Гүлмира Кәрімованың айтуынша оқушыларды да онлайн режимге ауыстыру мәселесін қарастырылып жатыр екен.
Облысымызда, әзірге, коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Бірақ, қауіпті вирустың алдын алып, сақтық шараларын жүргізген маңызды дейді мамандар. Дәріханалар бетпердеден басқа қорғану құралдарымен қамтылған. Маска өңірге жеткізіле салысымен бірден сатылып кетіп жатыр.

Тамара Анохина – СҚО фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының атқарушы директоры:

– Біз күнделікті мониторинг жүргізіп тұрамыз. Қаланың барлық дәріханаларында қорғаныс пен тазалық құралдары бар. Бірақ, кейбіреулерінде ол таусылып қалып жатады. Тұрғындар үйден шықпай 138 нөміріне қоңырау соғып анықтамалық қызметтен қай жерде қандай дәрі бар екенін сұрап біле алады.

Маман жерлестерімізге масканы қолдан тігуге кеңес береді. Қалың қылып тіксе оны жуып, үтіктеп, бірнеше рет қайта қолдануға болады. Бірақ, сау адамға маска киіп жүрудің аса қажеті жоқ дейді. Тек көпшілік орындарға барған кезде ғана пайдаланса болады.

Бердімұрат Баймұқан