Қайырымдылық

«Біз біргеміз» акциясы жалғасуда

“Біз біргеміз”! Елімізде дәл осындай атаумен наурыздың 18-і күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен акциясы бастау алды. Игі шарадан солтүстікқазақстандықтар қалыс қалған жоқ. Нұротандықтар мен жасотандықтар көп балалы аналардың, жалғызілікті ардагерлер мен мүгедектердің үйлеріне барып, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке толы  әлеуметтік пакеттерді табыстап жүр.

Өткен жылдың 25-ші қарашасында Александр Карабашевтың үйінде оқыс оқиға орын алады. Бұл күні түнде зейнеткердің баспанасынан өрт шығып, нысан толығымен жанып кетті. Өзі болса қызыл жалынды сөндіремін деп жүріп түтінге уланды. Абырой болғанда аман қалды. Ал, әйелі өкінішке қарай қаза тапты. Бүгінде азамат басқа пәтерде ұлының жанұясымен бірге тұрады. Оны келіні Әсем Бейсембаева күтеді екен.

Асем Бейсембаева – қала тұрғыны:

– Қайын атам өз-өзіне қарайлай алмайды. Неге екенін білмеймін оған 2-ші топтағы мүгедектік берілді. Бұл дұрыс емес. 2-ші топтағы мүгедектік жұмыс істей алатын адамдарға берілуі қажет. Ал, жолдасымның әкесі еңбек етпек түгілі, өздігімен тамақ іше алмайды. Үнемі бір орында жатады.

Азаматтың зейнетақысы – 45 мың теңге. Бұл ақша дәрі-дәрмектен артылмайды екен. Бүгін зейнеткерге “Біз біргеміз” акциясы аясында бір топ ерікті келді. Олар ұн, күріш, май, қант сынды азық-түлік және түрлі препараттар әкеліпті. Жаны жомарт қыз-жігіттердің ісіне қарт риза болды.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Осы акция аясында біздің еріктілер 380-ге тарта отбасыға, көп балалы аналарға, жалғызілікті ардагерлерге және мүгедектерге көмек көрсетуде. Біз арнайы топ өкілдеріне азық-түлік қораптары мен гигиеналық пакеттерді үлестірудеміз.

Айта кетейік, еріктілер пакетке бүгінгі күні аса қажет антисептикті де салуды ұмытпапты. Акция мереке бойы жалғасады. Оған кез-келген жан қатыса алады.

Бердімұрат Баймұқан