МТРА жаңалықтары

Заң бұзған жолсеріктер анықталды

Көлденең жолмен көк тиын тапқысы келген жолсеріктер құрықталды! Жақында арнайы мониторингілік топ өкілдері құжатсыз, билетсіз адамдарды діттеген жерге жеткізбек болған поезд қызметкерлерін анықтады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері жиілеп кетіпті. Бұл жайлы журналистерге “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов онлайн форматында өткізілген жиында баян етті.

Бұл оқиға наурыздың 17-сі күні Петропавл темір жол вокзалында орын алды. “Жасырын сатып алушы” жолсерікке құжатсыз, билетсіз екендігін айтып, Қызылордаға жеткізуді өтінеді. Ал маман көп ойланбай – 12, кейін бағаны түсіріп, 10 мың теңге сұрайды.

Мына жерде де жолсеріктер заң бұзды. №706 “Тальго” поезінің қос қызметкері өзара келісіп, билетсіз тұлғаны 15 мыңға Алматыға жеткізетіндіктерін айтады. Мұндай оқиғалар елімізде короновирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланғалы бері жиілеп кетіпті. Оны журналистерге “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов онлайн форматында өткізілген жиында баян етті.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Заңбұзушылық анықталған жағдайда жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал билетсіз діттеген жеріне жетпекші болған жолаушы станциядан түсіріледі. Ол жерден азамат қатынау үшін билет алуы тиіс. Біз алдағы уақытта осындай рейдтерді жалғастырамыз.

Жалпы, жыл басынан бері арнайы мамандар 17 бірдей поезді тексеріпті. Нәтижесінде 15 билетсіз тұлға және 7 мәрте санитарлық норманың сақталмағаны анықталған. Осы тәртіпбұзушылықтар үшін 11 әкімшілік хаттама толтырылған екен. Айыппұлдың көлемі 84 832 теңгені құрайды.

 

 

Култанов Байболат