МТРА жаңалықтары

Облыстық әділет департаменті қашықтықтан жұмыс істеуге көшті

Бүгінде облысымызда 4300-ден аса мемлекеттік қызметкер бар. Елдегі ахуалға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың 70 пайызын қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру керектігі жайлы айтқан болатын. Қазір мамандар біртіндеп онлайн режимде жұмыс істеуге ауысып жатыр. Тұрғындарға да қажетті қызметтерді интернет арқылы алуға кеңес береді.

Иван Рэмович пен Татьяна Оточина 8 жыл кездесіп, осыдан 1 ай бұрын отбасын құруға шешім қабылдаған. Дүбірлетіп той өткізіп, туыс-туғандарды шақырамыз деп дайындалып отыр едік дейді. Бірақ, елде коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланған соң бұл жоспарлары кейінге шегеріліпті. Той енді жазда өтеді. Сонда да бүгін олар азаматтардың хал актілерін жазатын мекемеде неке жүзігімен алмасып, ресми түрде ерлі-зайыпты атанды. Оған арна тілшілері де кездейсоқ куә болды.

Иван Рэмович – қала тұрғыны:

– Біз бір ай бұрын өтініш беріп қойған едік. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты мекемеге өзіміз ғана бардық. Сақтансаң сақтаймын дейді ғой. Қауіпсіздік үшін кабинетке кіргізбейді екен. Мамандар бізді дәл кіреберісте қабылдап, құжатқа қол қойғызды.

Қазір өңірдегі барлық мекемелерде қауіпті вирустың алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн деген болатын.

Бұл – әділет департаментінің ғимараты. Мұнда жалпы жүзге жуық маман қызмет етеді. Бүгін олардың 60 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан.

Гүлмира Бекқожина – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Әзірге, мамандардың 40 пайызға жуығы жұмыс орнында. Қалғандары үйлерінде қашықтықтан қызмет етіп жатыр. Олар тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қабылдайды. Яғни шаруа телефон, электронды пошта және ватсап желілері арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, нысанның кіреберісінде азаматтардың өтініштерін қабылдайтын жәшік орналасқан.

Жалпы, облыс бойынша 4300-ден аса мемлекеттік қызметкер бар. Қазіргі күні олар біртіндеп қашықтықтан жұмыс істеуге көшіріліп жатыр.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан