ҚоғамСу тасқыны

Өңірде 300-ден астам эвакуациялық пункт дайын тұр

Дәрі-дәрмек, азық-түлік пен төсек-орын. Өңірде мың жарым орындық 300-ден астам эвакуациялық қосын дайын тұр. Есіл өзені арнасынан асып, үйлерді су басу қаупі туындаса тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріледі.

13-ші орта мектебі Петропавлдың Заречный кентінде орналасқан. Мұнда су тасқынынан зардап шеккен жандарға арнап 40 орын әзірленіп қойылған. Жылы төсек, дәрі-дәрмектен бастап, тіпті сәбилердің жөргектеріне дейін сатып алыныпты.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде психологиялық соққы алған тұрғындармен мамандар тілдесіп, медициналық ем-дом шараларын жүргізеді. Ал азық-түлік, ауызсу, тамақпен солтүстікқазақстандықтарды жеке кәсіпкерлер қамтамасыз ететін болады.

Абай Қайсин – №13 орта мектебінің директоры:

 – Төтенше жағдайға толықтай дайынбыз. Тұрғындарға қажетті заттарды әкелдік.

Су тасқыны орын алған жағдайда жануарлар жамырап қалмайды. Олар да қауіпсіз жерге көшіріледі. Бүгінде облыс аумағында 200 мың жануарға арналып 86 орын әзірленген. Төрт аяқтыларды тасу үшін тиісті техника да сақадай сай тұр.

Сиыр, жылқы, қой, ешкі тағысын тағы. Олардың барлығы жеке кәсіпкерліктер мен серіктестіктердің аумағында қораларға бөлек-бөлек қойылады. Төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз етуге ікер жандар септеспек.

Қуат Махметов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– Әр жануар бөлек орналастырылатын болады. Судың беті кері қайтқан кезде жануарлар иелеріне беріледі.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша Есіл өзеніне жақын орналасқан 92 елді мекенді су басу қаупі бар.

 

 

Маржан Касымбек