МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

Бизнес пен бұқара қолдаусыз қалмайды

Коронавирус індетіне байланысты шығынға батқан бизнес өкілдері мен жұмыссыз қалған отандастарымызға қолғабыс етпекке билік шаралар қабылдап жатыр. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер мен қатардағы халыққа салықтық және кредиттік жеңілдіктер жасалуда, ал қысқартылған қызметкерлерге жаңа жұмыс орындарын ашу үшін ел қазынасынан 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қолдаудың осы және өзге де тетіктері туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов онлайн-брифингіде айтты.

Коронавирусты жұқтырған бірде-бір жерлесіміз анықталмады. Бірақ, бұл босаңсуға себеп емес. Жергілікті құқық қорғау және санитарлық қызметтер, керісінше, күшейтілген режимге көшті. Бүгінге дейін қауіпті елдерден оралған 160-қа жуық солтүстікқазақстандық инфекциялық ауруханаларға карантинге жабылған. 96-сы екі апталық изоляциядан кейін аман-есен үйлеріне оралыпты. Арнайы тест арқылы дәрігерлеріміз вирусты небәрі 4-6 сағаттың ішінде анықтай алады. Десе де, басты қауіпсіздік шарасы – жарияланған төтенше жағдай. 15-ші сәуірге дейін отандастарымызға шетелге шығуға рұқсат жоқ. Ал кей пойыздар мен электричкалар қатынауын тоқтатқанымен, теміржол және автокөлік арқылы жүк тасымалы баяғы қарқында. Тек ең ірі деген екі шаһарымыз, елорда мен Алматы бүгіннен – карантинде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл шаралар халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін қабылданып жатыр. Бұған түсіністікпен қарау қажет. Бүгінгі күні біздің облыста жағдай тұрақты. Аурудың алдын алу үшін күні-түні тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілді. Ерекше маңызды және тіршілікті қамтамасыз ететін объектілер қорғауға алынды. Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерді бақылау күшейтілді.

Құмар Ақақалов өзге өңірлерге былай тұрсын, ауылдан қалаға қатынауды қысқартуға шақырады. Кісі көп жерлерден де бойды аулақ ұстаған абзал. Мұндай орындардың бірі – ХҚКО. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін паспорт жасатамын деп бұқара бұл орталықтарға ағылып жатыр. Шекара жабылғаннан кейін мұның қажеті қанша? Өңір жетекшісінің сөзінше, мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алуға мүмкіндік бар қазір. Жұртшылыққа сол мүмкіндікті пайдаланған жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмыс берушілерді жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырамын. Қазір кез келген мекеме қызметін қашықтықтан жүргізе алады. Солай істеген жөн. Алайда, еңбеккерлердің жалақысы толық көлемде сақталуы тиіс. Ал егер ұйым не кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болса, басшылық қызметкерлерге минималдық айлық төлеуге міндетті.

Иә, мұндай мәз емес ахуалда кей қазақстандықтар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан, билік еңбекпен қамтудың жаңа жол картасын жасаған. 200 мың жұмыс орнын ашу үшін үкімет 123 млрд теңге жұмсамақшы. Бизнес те қолдаусыз қалмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кәсіпкерлерді қолдауға ел бойынша 300 млрд теңге бағытталады. Қазір бізге импортты қысқартып, қажетті тауарларды өзімізде шығара бастау керек. Егер бизнес ашып, өз өндірісімді бастаймын деген жерлестеріміз болса, біз міндетті түрде көмектесеміз. Ақша жеткілікті.

Жабылған ірі сауда нысандары, театрлар мен кинотеатрлар, көрмелер мен спорттық объектілер болса 1 жылға мүлік салығынан босатылды. Ал пайдадан қағылып жатқан жеке кәсіпкерлер табыс салығын төлемейтін болды. Тағы бір жеңілдік – орта бизнесті тексеру қысқартылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұтынушылық кредит алып, оны төлеу мерзімін 3 айдан астам уақытқа кешіктіріп алған азаматтар өсімпұл төлемейді. Бұл норманың тек банктерге ғана емес, шағын несие беретін ұйымдарға да қатысы бар. Төтенше жағдайдың салдарынан кей кәсіпорындар шығынға бататынын билік түсінеді. Сондықтан, кәсіпкерлерге де 3 ай көлемінде несие төлемдерін жасамауға болады.

Ал сауда-ойын сауық орталықтарындағы фудкортарға тағамдарды үйлер мен кеңселерге жеткізуге көшкен жөн. Аймақ басшысы теріскей жұртын алдымен жеке гигиена қағидаларын сақтауға және сабырлық танытуға шақырды. Зейнеткерлер мен қарттарға себепсіз үйден шықпауға кеңес берді. Бойынан дерттің белгілерін байқағандар болса, 1406-ны теріп, арнайы колл-орталыққа немесе 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем қызметіне хабарласулары тиіс.

 

 

Саят Ермек