Денсаулық сақтау

Қауіпті дерттің алдын алу

Әлемде қауіпті дертті жұқтырғандардың саны бүгінде 218 мыңнан асып жығылады. 84 мың адам емделіп шыққан. Қытайдан бастау алған коронавирустан бүгінге дейін дүние жүзі бойынша 8 мыңнан аса адам көз жұмыпты.

Ал Қазақстанда соңғы мәліметтер бойынша, қауіпті инфекцияны жұқтырғандардың саны 44-ке жеткен. Барлығы да Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тіркеліп отыр. Біздің өлкемізде жағдай, әзірге, қалыпты, ауру белгілері байқалмайды дейді ақ халаттылар. Дегенмен, дәрігерлердің барлығы күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Мәселен, 1-ші қалалық аурухананың базасында қазір 65 инфекциялық және 100 провизорлық орын бар екен. Наурыз айынан бері мұнда карантинге 6 адам жатқызылған. Екеуі коронавирус инфекциясы анықталмағандықтан үйлеріне жіберілген. Қалған 4-уі – әзірге, дәрігерлердің бақылауында.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Біздің өңірімізге шет елдерден келген азаматтарды провизорлық стационарларға жатқызамыз. Мұнда оларды 14 күн бойы бақылаймыз. Қажетті анализдерін алып, күнде дене қызуын тексереміз. Стационарда негізінен Германия мен Италиядан келген адамдар жатыр.Ал кеше Лондон университетінің студенті қабылданып, тиісті тексерістерден өткізілді. Айта кетейін, бізге келіп түскендердің ешбірінен коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.

 

Ешкенова Дана