Білім

Жергілікті университеттің студенттері онлайн режимде оқып жатыр

7 мың студент қашықтықтан оқып жатыр. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жастары үйді-үйлеріне жіберілген. Сабақ арнайы бағдарлама арқылы жүргізіледі. Орындалған тапсырма оқытушының электрондық поштасына немесе Ватцаппен жолданады екен. Ал үндістандық және «Foundation» факультетінде жан-жақтан келіп, оқып жүрген студенттер жатақханада қалдырылыпты.

Бұл – университеттің 2-ші оқу корпусы. Мұнда студенттер биология, жоғарғы медицина мен агронОмия мамандықтары бойынша білім алады. Алайда, наурыздың 16-сынан бастап оқу ордасында сабақ беру тоқтатылды. Яғни, ұл-қыздар үйлеріне жіберілген. Қашықтықтан оқыту онлайн режимде “Zoom” бағдарламасы арқылы жүргізіледі.

Жаратылыстану ғылымдарының магистрі Аида Мадиева болашақ биолог мамандарға дәріс оқып жатыр. Онлайн-сабаққа 15 студент қатысуда.

Аида Мадиева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жаратылыстану ғылымдарының магистрі:

– Осы «Zoom» бағдарламасының көмегімен студенттерге барлық жұмыстарды бере аламыз. Лекция мен практиканы өткіземіз. Қазір бізде лекция өтіп жатыр. Мен дәрісті презентация арқылы жіберемін.

Бір «Zoom» бағдарламасы қазір оқытушылар мен студенттердің арасында көпір болып отыр. Оқытушылардың айтуынша жаңашылдық жоғары жылдамдықты интернетті қажет етпейді. Осы орайда ауыл жастары үшін тиімді.

«Zoom» арқылы дәріс оқылады, пікір алмасу жүргізіледі, ал тапсырманы орындау WhatsApp-тың көмегімен жүзеге асырылады. Атқарылған жұмысты мұғалімнің электронды поштасына да жолдауға болады.

Аида Мадиева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жаратылыстану ғылымдарының магистрі:

– Бізде лекция ғана емес, практикалық жұмыстар да өткізіледі. Студенттер тапсырманы WhatsApp арқылы жіберді.

Онлайн-сабаққа қатыспай қалу немесе интернетім жоқ деген сылтаулар жарамайды дейді оқытушылар. Жастардың белсенділігі қатаң бақылауға алынған. Талап бір: үйде отырсаң да берілген тапсырманы аптаның соңына дейін орындау керек.
Интернеттің жайы бөлек, қазіргі заманда қолында компьютер мен смартфоны жоқ адам кемде-кем.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Студенттердің сабаққа қатысуын бақылаймыз. Осыған қарай балл қоямыз.

Жалпы, жергілікті университетте 7 мың студент білім алады. Бүгінде олардың барлығы дерлік үйлеріне жіберіліпті. Ал үндістандық және «Foundation» факультетінің дайындық бөлімінде оқитын 200-ден астам ұл-қыз жатақханаларда қалдырылған.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Жатақханада қалған студенттерге барлық жағдай жасалған. Санитарлық бақылауда. Сонымен қатар, оларды wi-fi-мен қамтамасыз еттік.

Айта кетейік, онлайн режимде сабақ беру оқытушылардың жалақысына еш әсер етпейді.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек