МТРА жаңалықтары

Жергілікті ателье бетперде әзірлеуде

Петропавлда тігіншілер бетперде әзірлеуге кірісті. Бір емес, бірнеше мәрте қолдануға болатын мұндай маскалардың бағасы 250 теңгеден басталады екен. Ал 600 тұратынының ішіне антисептикпен өңделген мата салуға мүмкіндік бар.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Есть абсолютно спокойный, нормальный способ сделать многоразовые маски. Мы раньше шили все.

Ательелер көп күттірмеді. Қазір мұндағы жұмыс – қызу. Мамандар әдеттегідей көздің жауын алатын ұзын көйлек, костюм мен белдемше тігіп жатқан жоқ. Екі күн бұрын шеберлер барлық киімдерді қойып, сұраныстағы №1-ші тауарды әзірлеуге кіріскен. Күніне тігіншілер бетперденің ондаған данасын дайындайды екен.

Қорғаныс құралының ең қарапайым түрін әзірлеуге кемінде 15 минут уақыт қажет. Шеберлер тігетін маскаларының дені – үш қабатты. Ішінде қалтасы да бар. Ол антисептикпен өңделген матаны салу үшін қарастырылған. Мұндай сапалы бетперденің біреуін алып, тек ішіндегі материалын ауыстырып тұруға болады екен. Сәйкесінше, сұраныс та дәл осы маскаға өте жоғары. Бағасы – 600 теңге. Ал, балаларға арналғаны – 400-ден саудалануда.

Марина Николайчук – тігінші:

–  Маскаларды тігу оп-оңай. Қағаздан үлгісін жасап алдық. Оны матаға қойып, қажетті пішінін қырқып аламыз. Кейін материалды  жуғанда отырып қалмасы үшін ыстық бумен өңдейміз. Содан соң бетпердені тігуге кірісеміз.

Бұл ретте тігіншілер фантазияларын да іске қосқан. Жұмыс істейтін жандарға бетперделердің – қара, қоңыр, сұр түстері бар. Ал, сәнқойлар үшін шеберлер масканы бұршақ түсті материалмен қаптайды екен. Ұлдарға – доптың, ал қыздарға – жүректің суреті бар мата қолданылады. Бірі тапсырысты пальтоларына, енді бірі спорттық киімдеріне байланысты жасауда дейді шеберлер. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар қорғаныс құралын өздерінің «луктарына» сай етіп таңдауда.

Наталья Савченко – ателье директоры:

– Біз бетперденің көлеміне байланысты 3 түрін әзірлейміз. Ер адамдарға, әйелдер мен балаларға арналғандары бар. Балғындарға масканы гипоаллергенді матадан тігеміз. Жалпы, істе тек табиғи таза әрі дем алуға мүмкіндік беретін материалдарды қолданамыз. Екі күн бұрын ғана жарнама жасап едік, қазір күніне бірнеше кәсіпорыннан хабарласады. Олар мамандарына арнап, бетперделерге тапсырыс беріп жатыр.

Үш қабатты ішінде қалтасы бар бетперде осылайша 30 минуттың ішінде дайын болады. Ендігі сұрақ ақ халаттыларға. Мұндай бетпердені қанша сағат тағып, оны қалайша өңдеу қажет?

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Стираем, гладим, одеваем. Раньше мед работники все шили себе маски вспомните. Почему они были розовые, голубые, зеленые. Потому что мы каждые 2 часа их меняли и четко знали, когда их меняли по цвету.

Ал, медициналық маскалардың жайы не боп жатыр? Оны дәріханалардан көрмегенімізге бірнеше аптаның жүзі боп қалды. Тапқанның өзінде, бағасы ауыз күйдірерлік. Бір реттік бетперделер 200 теңгеден саудаланады. Сондықтан күні кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан бойынша маскаларды бірыңғай бағамен сату жөнінде шешім қабылданғанын айтты.

 

Эльмира Садвокасова