МТРА жаңалықтары

Теміржол және автобус қатынауы шектелді

Жарияланған төтенше жағдай облыстағы теміржол және автобус қатынауын да шектеп отыр. Қазірдің өзінде коронавирустің кесірінен қалалық вокзал мен сапаржайда бірқатар рейстер тоқтатылған. Ал елорда мен оңтүстік астананың ертеңнен карантинге жабылуына байланысты жұртшылық билеттерін жаппай тапсыруда. Алайда, жолаушылар оның толық құнын қайтара алмай отыр.

Петропавлдың темір жол вокзалында – ұзын-сонар кезек. Алматы мен Нұр-Сұлтан ертеңнен бастап – карантинде. Сондықтан, қос мегаполиске бармаққа пойызға билет алып қойған жолаушылар сол билеттерін тапсырып әлек. Ақшасын қайтарып алу үшін келгендерге коронавирус қаупі де кедергі емес сыңайлы.

Әпкесімен бірге Айман Ибраева елордаға бүгін жол жүруі тиіс еді, жуырда сәбилі болған қызына қалжа бермекке. Қазақпыз ғой! Бірақ, бас қалада өршіген коронавирус бар жоспардың быт-шытын шығарды. Сапардың кейінге қалдырылғаны былай тұрсын, Айман ханымға вокзал өкілдері 4 билеттің толық құнын қайтармаймыз деп кесіп айтқан.

Айман Ибраева – қала тұрғыны:

– Олар бізден әр билеттен 1300 теңге комиссия аламыз дейді. Жарты бағасын алып тұр. Қазір біз бастыққа барамыз. Өйткені, бәрімізге қаражат керек. Біздің қандай кінәміз бар?!

Иә, мұндай шағыммен вокзал бастығына жолығып жатқандар көп.

Ал дау шығарғандарға басшының беріп жатқан жауабы бір.

Елена Бриль – Петропавл теміржол вокзалының бастығы:

– Нұр-Сұлтан мен Алматыға жүретін рейстер ресми түрде тоқтатылған жоқ. Қолымызға әлі ешқандай құжат келіп түспеді. Сондықтан, билеттерін кассаға тапсырып жатқан жолаушылардан комиссия ұсталынады.

Қысқасы, екі қалаға да қатынайтын пойыздардың барлығы қазір кестеге сай келіп-кетіп жатыр. Ал рейстер ресми түрде тоқтатылса дейді әкімшілік тапсырылған билеттерінің құны жолаушыларға толық көлемде қайтарылатын болады. Әзірге, ахуал осындай. Ол-ол ма, наурыздың 17-сінен бастап өзге бірқатар рейстер қатынауын тоқтатқан.

Елена Бриль – Петропавл теміржол вокзалының бастығы:

– Петропавлдан Есілкөл мен Петуховоға жүретін электрпойыз рейстері толығымен тоқтады. Қарағанды-Омбы, Қазан-Алматы және Қазан-Ташкент бағытындағы пойыздар да уақытша жүрмейді. Бұл бағыттардың жолаушыларына билеттің толық құны қайтарылып жатыр.

Қаржылық жағдай қазір күрделі. Темір жол вокзалы шығынға батып жатыр. Соңғы тәуліктің өзінде жолаушыларға 4,5 млн теңге қайтарылған. Салдарынан кассаларда қолма-қол ақша жоқ. Әкімшілік жұрттан түсіністік танытуды сұрап отыр. Сапаржайда да ахуал мәз емес. Петропавлдан елордаға жүретін жалғыз автобус ертең жолға шығуы тиіс еді, бірақ шықпайтын болды. Сатылған билеттердің ақшасы 100 пайыз қайтарылады. Одан бөлек, автобуспен Петропавлдан енді Ресейге де жол жүру мүмкін емес.

Андрей Мищенко – Петропавл сапаржайы директорының орынбасары:

– Ресей Федерациясы бүгіннен бастап Қазақстан азаматтары үшін шекарасын жауып тастады. Бұл шектеу автобус маршруттарына да қатысты. Сондықтан жолға шығып кеткен көліктерді қайтарып жатырмыз.

Автобус және темір жол қатынауындағы шектеулер такси бағасының қымбаттауына әкеп соқтырды. Кей жүргізушілер Петропавлдан елордаға жеткізу үшін 30 мың теңге сұрап отыр. Бұл – салонның бағасы. Айта кеткен жөн, Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге түнгі сағат 12-де жабылады. Осы уақыттан бастап қос шаһардың аумағына тек тіркеуде тұрған тұрғындары ғана кіре алатын болады.

 

 

 

 

Саят Ермек