ТЖ

Тұрғындар үйлерінің маңын қардан тазалауда

Тұрғындар үйлерінің маңын ақ ұлпадан тазалауда. Қазір “Ойқала” ышқам ауданындағы адамдар ауладағы қарды күреп, жыраққа қазуда. Осылайша жерлестеріміз қызыл судың алдын алмақ ниетте.

Андрей Ковзалов күнде осындай арық қазады. Себебі, күн жылып, қар күрт ерігенде, азаматтың үйіне су кіруі мүмкін. Ал, оның алдын алу үшін бүгіннен еңбектенген жөн.

Андрей Ковзалов – қала тұрғыны:

– Әр адам үйінің маңындаңғы қарды күреп, тазалап отыруы тиіс. Сонда қызыл судың алдын алуға болады. Мен өзім қазір арық қазып жатырмын. Алдағы уақытта баспана маңындағы жолға кірпіш төсеймін. Былтыр солай жасағанмын. Соның арқасында аулаға аса көп су келген жоқ.

Қазір “Ойқала”-да жалғыз Андрей Ковзалов емес, өзге де тұрғындар бел жазбай қауіпсіздік жұмыстарын жүргізуде. Ағайын өзара тату. Бір-бірінің шаруасына білек сыбана кіріседі. Оған қоса, қарт, мүгедек және жалғызбасты адамдардың да қарын күреп, ауладағы суды ағызады.

Денис Танышев – қала тұрғыны:

– Биылғы қыста біздің ықшам аудандағы көшелер қардан жақсы тазаланды. Тек жолымыз жаман. Ой-шұқырлар өте көп. Ол жерлерге қазір су жиналып қалады. Нәтижесінде жүріп-тұру қиындайды. Сондай-ақ, кейбір суағарлар тозған. Оларды жөндеу керек. Біз бұл мәселені коммуналды қызметкерлерге айттық. Жақын арада проблема шешімін табады деген үміттемін.

Өзімізге белгілі биыл қар көп. Сондықтан қаланың шеткері аудандарына су кіруі мүмкін. Мұндай жағдай орын алса, құтқарушылар көмекке келеді, оның үстіне тұрғындар эвакуацияланатын орындар дайын.

Әлібек Боромбаев – қалалық ТЖБ азаматтық қорғау тобының офицері:

– Қазіргі күні қаланың шеткері аудандарында 4 эвакуациялық пункт бар. Соның бірі – “Ойқала” ықшам ауданындағы №14-ші мектепте орналасқан. Егер де су келсе, мұндағы тұрғындар осы жерге көшіріледі.

Қазір құтқарушылар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, мамандар адамдарға алдын алу шаралары мен су тасқыны кезінде әрекет ету ережелері жазылған нұсқаулықтар таратуда.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан