МТРА жаңалықтары

Мәдени және спорттық шаралар кейінге шегерілді

Өңірімізде өтуі тиіс мәдени іс-шалар мен спорттық жарыстар кейінге шегерілді. Ал, кітапханалардың жұмысы онлайн режимге ауыстырылды. Қазір оқырман қауым туындыларды әлеуметтік желідегі арнайы сайттан ала алады. Бұны бүгін журналистерге жауапты басқарма басшылары баян етті.

Волейбол, баскетбол, футбол, хоккей, күрес және ауыр атлетика. Наурыздың он алтысынан бастап еліміздегі барлық спорттық шаралар кейінге шегерілді. Мәселен, біздің облысымызда 30-ға жуық жарыстың уақыты өзгеріпті. Ал, 34-і мүлде болмайды.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Осы айдың өзінде біздің облыста 8 бірдей республикалық жарыс өтуі қажет еді. Бірақ, елдегі соңғы жағдайға байланысты сайыстарды кейінге шегердік. Спортшылар үйлеріне жіберілді. Алайда, жаттығулар тоқтатылған жоқ. Қазір жаттықтырушы мамандар спортшыларға онлайн режимде сабақ беріп жатыр.

Кітапхалардағы жұмыс та онлайн режимге ауысты. Бүгінде оқырмандар өздеріне керек туындыны сол мекемеден емес, әлеуметтік желідегі арнайы сайттан ала алады. Концерттер, қойылымдар, көрмелер. Мәдени шаралардың да уақыты ауыстырылды. Ал, оларға
тұрғындар билет алып қойса не болмақ? Ақша қайтарыла ма?

Құралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– 6 концерт жоспарланған еді. Оны өткізуге тыйым салдық. Екінші мәселе – сатып алған билеттерді қайтару жөнінде. Адамдар билетті электронды жүйеде сатып алса, ақша есептеріне қайта аударылады. Кассадан алған болса, ақша қолма-қол беріледі.

Президент пәрменіне сай сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Енді орта және кіші бизнес өкілдерінің жай не болмақ? Олар нысан иелеріне жалдау ақысын төлейді ме?

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Біз осы мәселені ескеріп, ірі кәсіпкерлерге жалдау ақысын кейінге шегеруі туралы ұсыныс жасадық. Олар қарастырып жатыр. Шешім әлі қабылданған жоқ.

Жиын соңында несиелік жеңілдіктер жайлы да айтылды. Бұл жаңашылдықьың кәсіпкерлер мен қатар қарапайым ел тұрғындарына да қатысы бар.

 

Маржан Касымбек