Энергетика

Электр энергиясын пайдалану ережелеріне түзету енгізілді

Жарықты пайдалану ережелеріне түзету енгізілді. Енді монополистер қарыз туралы хабарламаны тұтынушыға бұрынғыдай барып емес, электронды пошта, факс, түрлі мессенджерлер және телефон арқылы жеткізеді. Ал, берешек мәлімет жолданған күннен 30 тәуліктің ішінде өтелуі тиіс. Өтелмесе, жарық беру тоқтатылады.

Қазіргі күні өңірімізде 158 мыңға жуық адам электр энергиясын тұтынады. Олардың дені жарыққа ұдайы төлем жасайды. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың 96%-дан астамы ай сайын есептеседі. Ал, қалғандары міндетті орындамайды.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Адамдардың 1-2 пайызы, яғни 1 мыңға жуық тұтынушы уақытылы төлем жасамайды. Олармен әрдайым жұмыс жүргіземіз. Мысалы, алдымен қарызы бар жандарға берешекті өтеу жайлы ескертеміз, оны елемесе сотқа береміз. Ал, осыдан кейін жағдай түзелмесе жарықтан ажыратамыз. Бұл ретте қоғамда қызу талқыланып жатқан 1 теңге туралы айтып өткім келеді. Егер қандай да бір азамат электр қуаты үшін уақытылы немесе толық көлемде есептеспесе, бұл қарыз болып саналады.

Бұл – таңырқауды еш қажет етпейтін бұрын қалыптасқан жағдай. Яғни, сіздің төлеміңізде 1 тиын немесе 1 теңге жетпесе, қарыз боласыз. Ал, оны төлеу керек. Сонда электр энергиясын пайдалану ережелерінде қандай өзгеріс орын алды? Осыған жіті тоқталайық. Бұған дейін энергиямен жабдықтаушы ұйым берешегі бар тұтынушыны жарықтан ажыратпас бұрын хабарлап, ескертумен танысқаны туралы жазбаша растау алатын. Қазір олай емес. Бүгінде хабарлама тұлғаға электронды пошта, факс, түрлі мессенджерлер және телефон арқылы жеткізіледі. Мәлімет жолданған күннен азамат 30 тәуліктің ішінде белгілі сомманы өтеуі тиіс. Ал өтелмесе, жарық беру тоқтатылады.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Әр тұтынушы қарызды төлеуге міндетті. Берешек өтелгеннен кейін бірден жарық берілмейді. Азамат электр энергиясын қайта қосу үшін қосымша ақша төлеу керек.
Содан кейін ғана жағдай реттеліп, жарық беріледі.

Ал, жарықты қайта қосу құны қанша? Бұл сұраққа «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» бас директорының орынбасары Евгений Политкин жауап берді.

Евгений Политкин – «Солтүстік Қазақстан ЭЖТК» АҚ бас директорының орынбасары:

– Жарыққа қайта қосылу үшін тұтынушы 500 теңге мен 30 мың теңгенің аралығында төлем жасайды. Баға электр энергиясының қалай ажыратылғанына байланысты бекітіледі. Осыны ескеру қажет.

Сөз соңында айта кетейік, әр жыл сайын өңірімізде 100-ден 200-ге дейін тұтынушы жарықтан ажыратылады екен.

Ешкенова Дана