МТРА жаңалықтары

Балабақшалар жұмысын жалғастыруда

Балабақшалар өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі ахуалға байланысты ата-ана баласын балабақшаға әкеле ме әлде үйде қалдыра ма – ол өз еркінде. Баланың бөбекжайдағы орны сақталады. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру нысандарында күніне бірнеше рет зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тәрбиешілер де балғындарды тазалық сақтауға баулуда.

«Солнышко» бөбекжай-бақшасында таң осылай басталады. Орындық, үстелдердің үсті зарарсыздандыру құралымен сүртіледі, бөлмелердің іші кварцталады, кейін желдетіледі. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері мұнда қауіпсіздік шаралары күшейтілді дейді бақша меңгерушісі Марина Артеменко.

Марина Артеменко – «Солнышко» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:

– Негізі, біз зарарсыздандыру жұмыстарын наурыз айының басынан бері жүргізіп жатырмыз. Өйткені, көктем – тұмау мен жұқпалы аурулардың көбейетін шағы. Ал қазір бұл шаралар жиіленді. Бұрын бөлмелерде 2 рет ылғалды тазалау жүргізсек, қазір күніне 4 рет дезинфекциялаймыз.

Тазарту жұмыстары жасалғаннан кейін ұл-қыздар күнделікті сабақтарына кіріседі. Бірі музыка сыныбына барса, басқалары ән айтып, билейді. Балақайлар өздері де тазалық шараларын бес саусағындай біледі. Қолды қалай дұрыс жуу керек екенін де тәптіштеп айтып, көрсетіп берді.

– Қолды сабындап жуу қажет. Әр саусақты жеке-жеке және тырнақтың астын да мұқият тазалау керек.

–  Тұмау жұқпас үшін витамин ішкен дұрыс және адамдар көп жүретін жерлерге бармау керек.

Балақайлар қолдарын жиі тазалап тұру керек екенін жақсы біледі. Бүлдіршіндер әр сабақтың алдында және кейін жуыну бөлмесіне барып қолдарын мұқият жуады. Тәрбиешілер таза ауада серуендеп мен спорттық жаттығуларды да жиі жасайтын болдық дейді. Жалпы, «Солнышко» бөбекжай-бақшасында 180 ұл-қыз тәрбиеленеді. Бірақ, бүгін сабаққа олардың жартысы ғана келген екен. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты ата-аналар бүлдіршіндерді бақшаға әкелмесе де болады. Егер баланы уақытша үйде бағамын десе оның балабақшадағы орны жағдай тұрақталғанша дейін сақталады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан