МТРА жаңалықтары

Қашықтықтан жұмыс істеген мамандарға жалақы қандай көлемде төленеді?

Мемлекеттік, квазимемсектор қызметшілерінің 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн. Жеке кәсіпорындарға да осындай шараны қолдану ұсынылады. Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твитер парақшасында осындай жазба қалдырды.

Жиында алғаш болып «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Еркін Жұмабай сөз алды. Оның айтуынша наурыздың 14-і мен 16-сы күндері Халыққа қызмет көрсету орталығына келген жандардың саны әдеттегіден көп болыпты.

Еркін Жұмабай – “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Бұл күндері Халыққа қызмет көрсету орталығының фронт-кеңселеріне адам көп келді. Олар құжат рәсімдеу бойынша жүгінді. Қазір жағдай тұрақталды. Штатты режимде жұмыс істеп жатырмыз.

Қызметке жүгінгендердің саны неліктен көп болды? Осыған тоқталайық. Бұған дейін көрші елдерге жеке куәлікпен ғана шығып жүрген қазақстандықтарға коронавирус инфекциясына байланысты міндетті түрде төлқұжатпен қатынау керек деген талап қойылған болатын. Сол себепті, тұрғындар жаппай өзге мемлекетке, әсіресе Ресейге шығуға паспорт рәсімдеген екен. Ал қазір бұл құжаттан да пайда шамалы. Бүгінде шекара жабық.

Қасым-Жомарт Тоқав – Қазақстан Республикасының Президенті:

– ТЖ режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемсектор қызметшілерінің 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн. Жеке кәсіпорындарға да осындай шараны қолдану ұсынылады.

Бұл – мемлекет басшысының күні кеше ғана әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесі. Ал мұндай жағдайда адамға жалақы қалай төленеді? Осыны түсіндіре кетейік. Елде коронавирус сынды инфекцияны таратпас үшін қандай да бір мекеме басшысы Еңбек кодексіне байланысты қызмет уақытын қысқартуы немесе қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшуі тиіс. Осындай өзгеріс орын алса, маман қанша уақыт тер төкті, соған сәйкес ақша алады.

Аслан Исин – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Егер де мұндай шара қабылданбаса, жұмыс беруші қол астындағы мамандарды еріксіз демалысқа жібереді. Демалыстағы адамға ашқа төленуі тиіс. Төлем жалақының шекті көлемінен төмен болмауы міндетті. Ал қазір жалақының шекті көлемі 42 500 теңгені құрайды.

Брифинг те аялдамалар мен қала ішінде жүретін автобустарды дезинфекциялау жайлы да айтылды. Бұл бағытта атқарылып жатқан істі журналистерге қалалық қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досұлан Босынов баян етті. Оның сөзінше зарарсыздандыру жұмыстары Петропавлдағы автобустарда әр рейс сайын, ал аялдамаларда 1 күнде 2 рет жүргізіледі.

 

 

 

 

 

Култанов Байболат