МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Сабыр түбі – сары алтын

Коронавириусты өлкеге кіргізбес үшін жерлестеріміз шектеулерге құлақ асып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы қажет. Бұдан бөлек, сары уайымға салынбай, жағдайға сабырлықпен қарап, позитивті көңіл-күй таныту да маңызды. Қоғам белсенділері жұртшылыққа осындай кеңес беріп отыр.

Италия – Еуропада коронавирустың таралу ауқымы бойынша көш басында. Дертті жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асып түскен, 2 мыңға жуық адам қаза тапқан. Себепсіз үйден шығуға рұқсат жоқ, бүтін бір ел қазір – карантинде.

Бірақ, жайдары жүзді итальяндықтар мойымақ емес. Керісінше, балкон-терассаларына шығып, жаппай әндетіп жатыр. Оны қойшы, өзіміздің Қазақстан да коронавирусты “кет” деп қуып, әнге басуда.

Саят Ермек – тілші:

– Желіде бірер күн бұрын шыққан бұл видео – бүгінде хит. Шыны керек, ән – қазіргі мәз емес ахуалда таза ауаның бір жұтымы сияқты. Иә, дерт аса қауіпті, иә ол бізге де жетті. Бірақ, қара бұлт үйіріп, паникаға берілгеннен де пайда шамалы. Президентпен бірге, жергілікті қоғам белсенділері де жұртты сабырлыққа шақырып жатыр. Ал сабыр түбі – сары алтын.

Бақытжан Сәмиева – қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Бұл – бізге сынақ. Бұл сынақтан біз абыроймен өтуіміз керек. Өзімізді, балапандарымызды, үлкен кісілерді сақтайық және дәрігерлерді тыңдасақ, бәрі де жақсы болады.

Жақсы сөз – жарым ырыс. Әнмен бірге, мұндай позитивті ойлардың да санаға майдай жағатыны сөзсіз. Бірақ, жағдай сол – соңғы мәліметтерге сенсек, коронавирустық инфекцияны жұқтырған отандастарымыздың саны 30-дан асты. Бәрі елорда мен Алматыда табылған. Осы орайда мынаны түсіну керек – билік шектеулерді ермек үшін емес, бұқараның қауіпсіздігі үшін қабылдап отыр. Оларға әр адам құлақ асса, індеттің таралу географиясы кеңеймейді.

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Үйде болу, көшелер мен көпшілік орындарға жиі шықпау, тек ресми сайттарда жарияланған ақпаратқа сену, ал қалған ақпараттардың көбі жалған болып шығып жатыр, сондықтан да ондай дүиелерге көп сене бермеуге шақырамын.

Белсенді азамат Әлфараби Мыңбайдың айтуынша қалыптасқан жағдайды, әсіресе, жастар қауымы неге пайдаға жаратпасқа?

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Бос уақытты тиімді пайдаланып, кітап оқып, үйде отыруларыңызға өте бір қолайлы жағдай деп есептеймін.

Сабырлықты діннен іздеген жерлестеріміз де көп. Індеттен аман шықпаққа құлшылық етуге, 5 уақыт намазын оқуға келген мұсылмандарға мешіттеріміздің есігі ашық. Алайда, шектеулер Алланың жердегі үйлерін де айналып өтпеді. Жұма намазын жамағат болып оқуға уақытша тыйым салынған.

Аян Болатұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Келіп, намаз оқимын десе өз еркілерінде, бірақ жамағат болып намаз оқылмайды. Мешіт ішіндегі асханаларда құдайы астар, дұғалар, қырқы мен жетісі сияқты жабдықтар жасалмайды, өткізілмейді.

Отандастырымызға 30 күн бойы тыйымдарға толы қағидаларға сүйеніп күн көруге тура келеді. Бірақ, вирус шегінбесе, кешегі күні жарияланған төтенше жағдайдың ұзаруы әбден мүмкін. Тек аласапыран індетті ойлап қабақ шыта бермей, ара-арасында көңіл көтеріп, күліп қоюды да ұмытпаңыз.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек