МТРА жаңалықтары

Петропавлда 1А санатындағы елдерден келген 3 адам карантинге жатқызылды

Наурыздың 19-нан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланды. Өйткені, қос шаһарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 30-дан асып түсті. Ал өлкемізде жағдай, әзірге, қалыпты, ауру белгілері байқалмайды. Дегенмен, босаңсуға жол жоқ. Бүгін облысымызға “1А” категориясындағы, яғни қауіп деңгейі аса жоғары елдерден келген 3 адам карантинге жатқызылыпты.

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 30-дан асты. Бүгін таңертең 27-ші, ал түстен кейін 32-ші жағдай тіркелді. Науқастанғандардың барлығы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Сондықтан, қос шаһарда наурыздың 19-ынан карантин жарияланды. Біздің облыста, әзірге, ахуал тұрақты. Ешқандай індет белгісі байқалмайды. Ал байқалса мамандар көмек көрсетеді, қорғаныс құралдары, жатын орындар баршылық.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– 3 мыңның маңайында қорғаныс костюмі, жарты миллионнан астам қолғап бар. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жеткілікті.

Дегенмен, босаңсуға болмайды. Бүгін облысымызға “1А” категориясындағы елдерден, яғни Франция, Иран, Испания, Италия және Германиядан 3 адам келіпті. Олардың барлығы 14 күндік карантинге жатқызылған. Қазір тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы, осы күнге дейін өлкемізде 70 тест жасалған екен. Қуанышымызға орай, барлығының нәтижесіне көңіл толады. Қазір бақылауда – 166 адам. Баршаға белгілі Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Бүгінде өзге мемлекетте ем алатын науқастарға ғана шекара асуға болады. Ол үшін арнайы құжат қажет. Енді маска мәселесіне келейік. Соңғы уақытта бетперденің бағасы шарықтап кетті.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Қазір еліміздегі кейбір дәрілер мен медициналық құрылғылардың бағасын мемлекет бекітпейді. Бұл тізімде бетперде де бар. Біз аталған дүниенің құнын бір қалыпта ұстап тұра алмаймыз. Оны кәсіпкерлердің өздері бекітеді. Сондықтан, нарықтағы өзгеріске түсіністікпен қарау қажет және тұрғындарды қауіпсіздік үшін қолдан маска тігуге шақырамын.

Бағадан бөлек, елімізде, оның ішінде Петропавлда бетперде тапшы. Қай дәріханаға кірсеңіз де “маска жоқ” деген жауап аласыз. Оның себебін Нұрлан Айманов түсіндірді. Қазақстанда маска тігетін материал жоқ екен. Оны бұрын Қытайдан алыппыз. Қазір күншығыс елі экспортты тоқтатқан. Ал республикадағы фабрикалар халықты түгел қамтуға қауқарсыз. Жиында сөз алғандар адамдарды жалған айтып, дүрбелең туғызбауға шақырды. Жақында мұндай факті анықталыпты. Енді іске қатысы бар тұлғы жазаға тартылмақ.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Біз күніне 2 рет облыс орталығындағы сауда орындарын аралап, тауар бағаларын қадағалаймыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнының бірден жоғарылауы байқалмайды. Тек қант бағасы өзгерді. Шекердің негізгі бөлігі Ресей және Беларусь елінен әкелінгендіктен қымбаттап отыр.

Брифингіде азық-түлік құны жайлы да айтылды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың сөзінше барлығы бақылауда.

 

 

 

 

Култанов Байболат