МТРА жаңалықтарыҚоғам

Отбасы құндылықтары

Соңғы жылдары еліміздің солтүстігінде – әр екінші, оңтүстігінде әр бесінші отбасы ажырасады екен. Дені – шамалы уақыт бұрын ғана шаңырақ көтерген жастар. Қазақ қоғамына жат болған некенің бұзылуы деген үрдіс  қалайша бүгінде үйреншікті дүниеге айналды? Кезінде бір-бірін сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың екі бөлек кетуіне бірнеше фактор әсер етеді екен.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл сөз әрбір адам үшін – бүтін бір дүние мен өмірдің мәні. Сюжетіміздің басты кейіпкерлері үшін де “жанұя” ұғымы өте биік. Ерлі-зайыптылардың отау құрғанына биыл 53 жыл толады. 6 бала тәрбиелеген. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 9 немере мен 3 шөберенің қызығын көріп отыр. Ендеше үлгілі жанұяның  отбасын нығайту, бала тәрбиелеу турасындағы дәстүрлерін бірге білейік.

Мына фотоларда Нұрымовтар әулетінің бүтін бір тарихы жатыр. 53 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де отағасы мен отанасының арасындағы сүйіспеншілік сол баяғыдай. Бір-біріне – демеу, қолдау мен қорған.

Нүрикамал Нұрымова:

 – Таңертең шай жасағанда маған отағасы көмектеседі. Шәйнекті әкеп береді, тоңазытқыштан тамақты алып шығады. Болғаннан кейін ыдысты да өзі жуады, себебі мен жуа алмаймын ғой.

Ескендір ата мен Нүрикамал апа – мамандықтары бойынша ұстаздар. Қос ғашық 60-шы жылдары Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылындағы мектепте танысыпты. Бір көргеннен ғашық болса да отау құру мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Сөйтіп, 67-ші жылы шаңырақ көтерген.

Ескендір Нұрымов:

 – Ер бала өзіне жар таңдауда жақсылап ойлануы керек. Керемет сұлу деп үйленуге болмайды. Қазіргі жастар бірінші жұма танысады, екінші жұмада үйленіп, үшіншісінде ажырасып жатады. Сондықтан, ойлану қажет.

Ұлағатты ұстаз, аяулы жар, қамқор әке, ардақты ата. Ескендір Нұрымовтың сөзінше, барлығы отбасыдан бастау алады. Дәлірек айтқанда, жанұяда берілетін тәрбиеден. Сондықтан, бұл іске ерлі-зайыптылар ерекше көңіл бөліп, қыздары мен ұлдарын қазақи салт-санаға сай өсіріпті.

Сәрия Имантаева:

 – Ата-анамызға айтпай ешқайда бармаймыз. Өсе келе танцы болатын. Сұранғанда әкеміздің қабағына қарайтынбыз. Қатты сөз естігеніміз жоқ. Ескерту жасағанда батырып айтатын.

Махаббат, сенім, түсіністік, қолдау мен әлбетте, тәрбие. Бұл – Нұрымовтар әулеті үшін «бақытты отбасының» негізгі қағидалары. Бірақ, қазіргі жанұялардың барлығы бірдей мұндай салиқалы әулеттің үлгісі бола алмайды. Сандарды сөйлетсек…

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– ҚР бойынша солтүстік өңірлерде – әр екінші, оңтүстікте әр бесінші отбасы ажырасады екен. Дені – бірнеше жыл бұрын ғана шаңырақ көтерген жастар. Алысқа бармай, Петропавл қалалық №2 сотында қаралған істерді алайық. 2019 жылы фемида өкілдері 1100-ден аса ерлі-зайыптының арызын қарастырған. Некенің бұзылуына әкеп соқтыратын себеп неде?

81 пайызы мінез-құлықтарының сәйкес келмеуін алға тартады екен. Бірақ, іс жүзінде ажырасудың астары басқада. Жұптардың бірі туған-туысқандардың ықпалына ереді, екіншілері діни көзқарастарының әр түрлі болуынан осындай шешім қабылдайды екен. Өзге отбасыда  әйелі – ошақ иесінің, ал ері табыс әкелушінің міндетін атқара алмайды. Бала тәрбиесінде де келіспеушіліктер кездесуі мүмкін. Осындай факторлар кезінде барша жұрттың көзайымы болған жанұяның шырқын бұзады. Қалған 19 пайызға да тоқталсақ. Былтыр алкогольдік есірткілік тәуелділік пен ойынқұмарлықтың салдарынан 77 жұп ажырасқан. Тағы 68-і мұндай қадамға ерінің не әйелінің көзіне шөп салу, өзге отбасын құру себептерінен барыпты. 25-і тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдамай, 23 ерлі-зайыпты баспана мен жұмыстың жоқтығынан екі бөлек кеткен.

Арайлым Сердалина, Петропавл қаласы №2 сотының судьясы:

– Өз тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Мамыр айында бір жұп ажырасуға өтініш жазды. Мен шешімді тек тамыз айының соңында шығардым. Осы аралықта отбасыны сақтап қалуға тырыстым. Ажырасуға ниет білдірген әйелі екен. Бірақ, нәзікжандымен сөйлескенде ол жылап, отбасыны қимайтынын түсіндім. Күйеуінің де көңілі суымағанын байқадым. Сөйтіп, ерлі-зайыптыларды татуластыруға ниеттендім. Бірақ, қолымнан келмеді.

Дегенмен, судья қабылдаған шешімнің өз күшіне енуіне бір күн қалғанда ерлі-зайыптылар тағы бір өтініш жазыпты. Олар арыздарын қайтарып алған екен. Қазір жанұя тату-тәтті өмір сүруде.
Жалпы, 2019-да ажырасамын деген отбасылардың 298-і сот залынан қол ұстасып бірге шыққан. Қуантарлық статистика. Алайда, шаһарда некені мүлдем ойыншық қылған жандар да кездесетін көрінеді.

Гүлбақша Мұсабаева – «Қоғамдық келісім» медиация кабинетінің жетекшісі:

– Біздің қалада бір сот ісі қаралды. Әлеуметтік желілерде әйелі бөтен бір адамға лайк басқан. Соны көрген күйеуі бірден ажырасуға арыз жазған. Біз қазір балаларды үйлендірейік деп бар күшімізді саламыз. Сондықтан, жастардың арасында бір ой-мақсат туындамайды.

Сонда жастардың арасында қарым-қатынас шиеленісіп, тұрмыстық проблемалар пайда болғанда не істеу қажет? Ажырасамын деп асыққанның орнына мамандардың көмегіне жүгінген абзал. Бұл ретте өңірде медиаторлар да, психологтар да жұмыс істейді.

Ғалия Баязитова, психолог:

– Отбасыда дағдарыс кезеңдері болуы мүмкін. Дағдарыс деп бетке басуға болмайды. Бұл ретте әйел адам, дағдарыстың келгенін түсінсе, одан шығуға тырысуы керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ…

Эльмира Садвокасова