МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Бескөлде күзде 5 қабатты үй қолданысқа тапсырылады

Қазір Бескөл ауылында 40 пәтерлі 5 қабатты үй салынып жатыр. Нысанның құрылысына “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында ел қазынасынан 370 млн теңге бөлінген. Баспаналар елді мекендегі көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жанұялар мен мүгедек жандарға табысталады.

Бескөлдегі мына үйдің құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында бастады Қазір бұл жерде шаруа қызу. Жұмысшылар баспананың кірпіштерін қалауда. Маңыздысы сол – нысан арбаға таңылған жарым жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы етіп жасалып жатыр: әр подъездің маңында пандус орнатылады, ал бірінші қабатқа үлкен есік қойылады.

Есенгелді Қоқышев – құрылыс учаскесінің басшысы:

– Үйдің құрылысын “Зерттеу СК” серіктестігі жүргізіп жатыр. Мұнда 30-дан астам маман жұмыс істеуде. Біз темірбетондарды орнатып болдық. Сондай-ақ, 4 қабаттың қабырғаларын тегістедік. Дәл қазір 1-ші және 2-ші қабаттарға электр сымдарын тартудамыз.

Болашақта тұрғын үйде 1 және 2 бөлмелі 40 пәтер болады. Олардың аумақтары да әртүрлі. Мәселен, 1 комнаталы – 35, ал 2 бөлмелі баспананың аумағы 60 шаршы метрді құрамақ.

5 қабатты бұл баспана қашан қолданысқа беріледі деп бескөлдіктер асыға күтіп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес қазір аудан орталығында 700-ден астам адам пәтер кезегінде тұр екен. Олардың басым көпшілігі – көпбалалы отбасылар. Тағы, аз қамтылған жанұялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да аз емес.

Қайсар Әмірин – Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бұл пәтерлер үй кезегінде тұрған адамдарға арнап салынып жатыр. Баспана кезегі келіп тұрған жандарға беріледі.

Көпқабатты нысан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатыр. Құрылысқа бағытталған қаражаттың сомасы 370 млн теңгеден асады. Ақша республика қазынасынан бөлінген. Бүгінде ғимарат 70 пайызға дайын.

Маржан Қасымбек – тілші:

– 5 қабатты үйдің құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Нысан тапсырылғасын бұл жерде іс тоқтамайды, керісінше қыза түспек. Себебі, осы маңда тағы бір 5 қабатты үйдің құрылысы бастау алмақ.

 

Маржан Касымбек