МТРА жаңалықтары

Жедел әрекет ету штабының кезекті отырысы

Елімізде коронавирус індетіне байланысты тиісті шектеулер қойылғаны мәлім. Оларды орындау жайы бүгін өңірлік жедел әрекет ету штабының отырысында қызу талқыланды. Жиында облыс әкімдігі де қауіпсіздік мақсатында ертеңнен бастап қызметін қашықтықтан атқаратыны белгілі болды.

Штаб отырысына жиылған теріскей шенеуніктері қол алысудан жаппай бас тартқан. Амандық сұрасқанда бірі шынтақ, енді бірі жұдырық түйістіруде. Бетперде тағынып келгендер де жоқ емес. Сақтанғанды құдай сақтайды деген осы болар. Енді қауіпті індетке қатысты облыстағы ахуалға көшейік.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Солтүстік Қазақстан облысында дертті жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Қаңтардың 27-сінен бастап коронавирустық инфекцияға қатысты 20 адам зертханалық тексерістен өтті. Вирус ешқайсысынан табылмады.

Ал табыла қалған жағдайда медициналық мекемелер дайын деп есеп берді бас дәрігер. Инфекциялық ауруханаларда кереуеттер саны жеткілікті көрінеді, медикаменттер мен қорғаныс құралдарының екі айлық қоры да бар. Ең басты міндет – індетті облыс аумағына кіргізбеу. Сондықтан өлкедегі 4 шекара бекетінде тексеріс күшейтілген, сол шекарадан өткендердің саны да 7,5 есеге қысқарыпты.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– “Бірінші “А” категориясындағы аса қауіпті елдерден келген азаматтар жоқ, ал бірінші “Б” категориядағы мемлекеттерден облысқа 13 адам оралды. Тұрғындардың бәрі үйлерінде карантинде отыр. Өткен тәулікте облыс аумағына Германиядан 3 азамат келді. Олар араласқан жандар тұрғылықты жері анықталды. Бәрі – карантинде.

Облыс халқының негізгі бөлігі – Петропавлда. Сондықтан, вирусты жұқтыру қаупі мұнда аса жоғары. Сауда және ойын-сауық орталықтарының басым көпшілігі де шаһарда орналасқан. Олар енді жаңаша жұмыс істемек.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Сауда-ойын сауық орталықтарының әкімшілігіне бәрін түсіндірдік. Бұл нысандардағы сауда дүңгіршектері жұмыс істейтін болады, ал көңіл-көтеру және ойын-сауық қызметтерін көрсететін павильондар толықтай жабылады. Мұнымен бизнес субъектілері келісіп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстағы ірі сауда нысандарының саны – 27, ал сауда-ойын сауық орталықтарының саны – 5. Олар таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін ашық болады. Киім-кешек пен тұрмыстық заттар саудалайтын базарлар таңғы 11-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істемек. Азық-түлік сататын дүкендер мен базарлар және супермаркеттердің жұмыс тәртібінде өзгеріс жоқ. Бірақ бұл нысандарда санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.

Қазақта не бітпейді – той бітпейді. Бірақ коронавирусқа қатысты елдегі ахуалдың ушығуына байланысты бұқараға сол тойлардан бас тартқан жөн. 400-500 адамдық салтанаттар аса қауіпті. Сондықтан, билік мейрамханалар мен тойханалардың жұмыс уақытын да, адамдар санын да шектеп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дәмханалар, мейрамханалар мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарының саны облыста – 338. Олар кешкі 10-ға дейін ғана жұмыс істейін болады. Бұл орындарда бір уақытта 50 адамнан артық жиналмауы тиіс.

Президент жарлығында көрсеткен бұл шектеулерді елемегендер жауапкершілікке тартылады. Құмар Ақсақалов облыстың бас санитарлық дәрігеріне бақылауды күшейтуді тапсырды. Азық-түлік пен қажетті тауарлардың бағасы да негізсіз шарықтамауы тиіс. Бұл тұрғыда да күнделікті бақылау керек. Өйтпесе, ажиотажды пайдаланып, қалтасын қалыңдатқысы келетін саудагерлер жоқ емес, бар. Облыс әкімі балабақшалардың жұмыс тәртібіне қатысты да тіл қатты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Егер бала ата-анасының шешімімен балабақшаға бармаса, оның орны міндетті түрде сақталады. Бұл – өте маңызды. Сондай-ақ, қосымша білім беру орталықтары түгелдей жұмысын тоқтатқанымен, мұндағы оқытушылардың жалақылары жүре береді.

Ең қызығы, облыстық әкімдікте енді мұндай форматтағы жиналыстар болмайды. Ертеңнен бастап жергілікті атқарушы билік қашықтықтан жұмыс істейтін болады. Құмар Ақсақалов барлық мекемелер мен ұйымдарға осындай тәртіпке көшуге кеңес берді.

 

 

 

 

 

Саят Ермек