Білім

Студенттер қашықтықтан білім алуда

Қаламыздағы М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттерді қашықтықтан оқытып жатыр. Бұл іс «Сова» ақпараттық жүйесі арқылы оңай жүргізілуде. Аталған заманауи бағдарламаның көмегімен интернет жылдамдығы аса жоғары емес елді мекендермен де байланыс орнатып, сабақ өткізуге болады екен.

М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжде 1500-ге жуық студент оқиды. Бірақ, бүгінде білім ошағында олардың бірде-бірі жоқ. Коронавирус індетіне байланысты ұл-қыздардың барлығы үйлеріне жіберіліпті. Жастар үйде бос отырмайды. Бәрі онлайн режимде сабаққа қатысады. Қазір оқыту «Сова» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіліп жатыр.

Алтынай Жанбекова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:

– Бұл жүйеге барлық ұстаз бен студент тіркелген. Олар осы жүйе арқылы күнделікті сабақ кестесі бойынша тапсырмаларды алады. Және қайтадан мұғалімге тексеруге жібереді.

Педагогтар қашықтықтан оқытудың еш қиындығы жоқ дейді. Мұндай тәжірибені олар бұған дейін де қолданыпты. Нәтижесі жаман емес. Ал, «Сова» ақпараттық жүйесі колледж базасына осыдан 2 жыл бұрын енгізілген екен.

Алтынай Жанбекова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:

– Ешқандай қиындығы жоқ. Себебі, сабақты кез келген құжат форматында жібере береміз.

Қаладан алыс орналасқан кейбір елді-мекендерде ғаламтор мен ұялы телефон байланысы нашар. Ол көпшілікке белгілі. Сол шалғай ауылдарда тұратын студенттер қалай оқытылады? Алтынай Жанбекованың айтуынша «Сова» жүйесі аса жоғары жылдамдықты интернетті қажет етпейтін көрінеді. Сонысымен тиімді дейді маман. Сонымен қатар, колледж студенттері тапсырмаларды әлеуметтік желілер арқылы да орындай алады екен.

Енді, мектептердің жайына келейік. Бүгіннен бастап ұстаздар мен оқушылар 20 күндік демалысқа жіберілді. Осы уақыт ішінде білім ұяларында қауіпсіздік шаралары жүргізіледі. Мысалы, шаһардағы Қазақ мектеп-гимназиясында есіктер күнде арнайы зарарсыздандыру құралымен сүртіледі, еден ұдайы жуылып тұрады. Мұның барлығы қауіпті дерттің алдын алу мақсатында жасалып жатыр.

Бұлбұл Ахмадиқызы – Қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Мектебімізде 1165 оқушы бар. Соның барлығы да демалысқа кетті. Мектептің жұмысшылары штаттық режимде жұмыс жасап жатыр.

Ал шағын орталықта еңбек ететін тәрбиешілер демалысқа жіберілмейді. Олар 3 пен 5 жас аралығындағы 50 баланы қарамақ. Бірақ, бүгін бірде-бір ата-ана ұл-қыздарын әкелмепті.

Бұлбұл Ахмадиқызы – Қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Демалыс уақытында ата-аналар өз еріктерімен балаларды өтінім жазым үйлерінде бағады. Қазіргі күні шағын орталыққа ешқандай бала келген жоқ. Бірақ, тәрбиешілеріміз жұмыстарын жасап жатыр.

Мектеп директорының айтуынша ұстаздар демалыста болса да жалақылары сол қалпында сақталады. Сондай-ақ, бүгінде Қазақ мектеп гимназиясындағы дарынды және оқу үлгерімдері төмен оқушылар мұғалімдерімен онлайн режимде білімдерін толықтырып жатыр екен.

 

 

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан