Спорт

“Qulager” сырт айдында “Almaty” хоккейшілерін жеңді

Ал енді шайбалы хоккейден ел біріншілігінің плей-офф кезеңі жайлы соңғы ақпар. Сенбі күні “Qulager” сырт айдында “Almaty”-ны жеңді. Бірақ, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

Матчтың 44-ші минуты, яғни 3-ші кезеңіне дейін құлагерліктер 3:0 есебімен жеңіліп келе жатқан еді. Айдын иелері  біздің жігіттердің көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Дегенмен, соңғы 10 минутта құлагерліктер аса бір жинақылық танытып, есепті теңестіре алды. Денис Стасюк, Евгений Попитич пен Алексей Грищенко бір-бір шайбадан соқты. Матчтың тағдыры 10 минуттық овертаймда да шешілмеді. Ал буллиттер сериясында петропавлдық хоккейшілер қарсыластарын тізе бүктірді. Осылайша 3:0 есебімен үмітсіз ұтылып жатқан құлагерліктер  ақыры 3:4-пен басым түсті. Сериядағы есеп – 3:2, “Almaty”-ның пайдасында. Айта кетейік, матч көрермендерсіз өтті, ал қос команданың келесі кездесуі қашан ұйымдастырылатыны әзірге белгісіз. Коронавирус індетіне байланысты шайбалы хоккейден ел чемпионаты аясындағы ойындар уақытша тоқтатылды.

 

 

Саят Ермек