Спорт

“Qyzyljar” ФК алғашқы ұпайға қол жеткізді

Спорт жаңалықтарына тоқталайық! Наурыздың 14-ші жұлдызында Қазақстанның бірнеше шаһарында футболдан ел чемпионатының 2-ші тур ойындары өтті.

Бұл күні солтүстікқазақстандық “Qyzyljar” құрамасы Павлодар қаласында жергілікті “Ertis”-пен күш сынасты. Тартысты матч 1 де 1 есебімен аяқталды. Осылайша теріскейлік ұжым біріншіліктегі алғашқы ұпайға қол жеткізді. Кездесуге шолу жасайық. Бәсекеде есепті қызылжарлық Александр Соколенко ашты. Ол айып алаңына асырылған допты қақпаға тура бағыттап, көзге түсті. Алайда алғашқы таймның соңына қарай керекуліктердің жолы болды. Қарсыластарымыз шапшаң қимылдап, таразы басын теңестірді. Қазір петропавлдықтар турнирлік кестеде 10-шы орында тұр. Көш басында – “Astana”. Енді солтүстікқазақстандықтар келесі ойынды көкшетаулық “Oqjetpes” командасына қарсы өткізеді. Матч наурыздың 22-сі күні Алматыда ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Бірақ, еліміздегі жағдайларға байланысты кейінге шегерілуі мүмкін.

Култанов Байболат