Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент үндеуі

Коронавирус індетінің пандемия деп жариялануына байланысты отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Президент Қазақстанда төтенше жағдай жариялады. Ол бүгін сағат таңғы 8-де енгізілді және сәуірдің 15-і таңғы 7-ге дейін жалғаспақ.

Алдағы 30 күн ішінде қоғамдық орындарда, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзет күшейтіледі, ірі сауда орындары ертерек жабылып, олардың жұмысына шектеу қойылды. Сондай-ақ, ойын-сауық орталықтары мен театрлар, кинотеатрлар мен көрмелер және халық көп жиналатын өзге де объектілердің жұмысы тоқтайды. Тіпті той-томалақтар мен құран бағыштау сияқты отбасылық және бұқаралық шараларды өткізбеген жөн. Оған қоса, ел аумағына көліктің барлық түрімен кіріп-шығуға да уақытша шектеу қойылды. Бүгін халыққа үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұқарадан бұл өзгерістерге түсіністікпен қарауды өтініп, дүрбелеңге салынбау керектігін қадап айтты. “Мемлекет азаматтардың алдындағы әлеуметтік міндеттердің бәрін орындайды”-, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек!

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан