МТРА жаңалықтары

Қоғамдық көліктер мен аялдамалар зарарсыздандырылуда

Қауіпсіздік – басты назарда! Қазір шаһардағы жолаушы тасымалымен айналысатын әрбір автобус дезинфекциялануда. Тазарту шаралары әр рейс сайын жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 350-ден аса аялдама да зарарсыздандырылуда.

Юрий Зайцев 15 жылдан астам автобус жүргізеді. Азамат тізгіндеген қоғамдық көлік тиісті дезинфекциялау құралдарымен зарарсыздандырылып тұрыпты. Алайда, мұндай шаралар рейс сайын емес, айына тек бір рет жүргізілген екен. Оның өзінде шаруаны арнайы мамандар атқарған көрінеді. Ал, соңғы өзгерістерге сай автобустың ішін енді ол өзі сүртеді.

Юрий Зайцев, автобус жүргізушісі:

– Бізге дезинфекциялау жұмыстарына қажетті мата мен қоспа берілді. Оны суға езіп, барлық тұтқаларды сүртеміз. Бұл іс бар-жоғы 2-3 минут уақытты қажет етеді. Ал, кешке көлікті гаражға әкелгенде, автобус 100 пайыз зарарсыздандырылады.

Күн сайын жолаушы тасымалымен шаһардағы 230-дан аса қоғамдық көлік айналысады. Олардың барлығы бүгінде талапқа сай зарарсыздандыру шараларынан өтеді.

Галина Семёнова, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Қазір қолымызда мамандармен ұсынылған арнайы жуу құралы бар. Біз 7 дәріні 10 литр суға еземіз. Жүргізушілердің жұмысына қажетті қолғап та береміз. Барлық шаруа тиянақты атқарылуда.

Атқарылып жатқан шаруаға жолаушылардың көңілі толуда. Олар іске оң бағаларын беріп жатыр.

Виталий Тимофеев – қала тұрғыны:

– Автобустардың іші жуылатын болыпты. Менің ойымша, бұл дұрыс бастама. Қазір қауіпті дерт біздің елімізде де тіркелді. “Сақтансаң, сақтармын демекші” барлық зарарсыздандыру шараларын жүргізу қажет.

Дезинфекция аялдамаларда да жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс орталығында олардың саны 450-ден асады. Павильондардың 350-дейі сағат таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін зарарсыздандырылады екен. Тазалау шарасыкүніне екі мәрте ұйымдастырылады.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова