Спорт

Бәйтерек ауылында еркін күрес үйірмесі ашылды

Шынықсаң – шымыр боласың! Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында еркін күрес үйірмесі ашылды. Мұнда қазір 30-дан астам бала жаттығады. Болашақ боз кілем шеберлерінің арманы асқақ. Олар түрлі облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, ел намысын халықаралық додаларда қорғауға ниетті.

Дәулет Шаяхметов Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек орта мектебінің 8-ші сыныбында оқиды. Жасөспірім бос уақытында спортпен шұғылданады. Нақтырақ айтсақ, жарты жылдан бері еркін күреспен айналысады. Ол осы уақыт ішінде аудандық, облыстық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, топ жарыпты. Талантты жас мұнымен тоқтап қалмақ емес. Арманы – ірі халықаралық додаларда ел намысын қорғау. Сол себепті үнемі қарым-қабілетін шыңдап жүр. Жаттығуды қатарластарымен бірге ауылдағы мектепте жасайды. Бұрын мұнда үйірме болмапты. Сол кезде Дәулет аптасына 3 рет Бескөлге барып, жаттыққан екен.

Дәулет Шаяхметов – Бәйтерек орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Біздің мектепте еркін күрестен үйірме ашылғанына қуаныштымыз. Енді балалармен осында күнде келіп жаттығуға мүмкіндік бар. Бұған дейін жаттығу үшін Бескөлге барып тұрдық.

Жалпы, қазір Бәйтерек орта мектебінде 350 оқшы білім алуда. Олар сабақтан тыс уақыттарын бос өткізбейді. Ұл-қыздар білім ошағында жұмыс істейтін волейбол, жекпе-жек, каратэ, тоғызқұмалақ пен еркін күрес үйірмелерінде жаттығады. Бүгінде соңғысына 30-дан астам бала барып жүр.

Бақытжан Сайдуллаев – еркін күрестен аға жаттықтырушы, Қызылжар ауданы:

– Жаттығу ниет білдіріп жатқандардың саны күннен-күнге артуда. Үйірме күнде жұмыс жасайды. Алдағы уақытта сәуір айында өтетін облыс біріншілігіне дайындаламыз.

Айта кетейік, ауылда спорт үйірмелері аудандық әкімдіктің мұрындық болуымен ашылып отыр. Басты мақсат – жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу. Оның үстіне аққайыңдар өлкесінде белді палуандардың қатарын арттыру. Ал, Қызылжар ауданында болашақ боз кілем шеберлерінің саны аз емес. Бүгінде мұнда Қажымұқан сынды атамыздың жолын жалғаған 100-ден астам бала бар.

Жанат Елеусізов – Қызылжар ауданының БЖСМ директоры:

– Осындай үйірмелерді тағы басқа ауылдарда ашпақпыз. Осында жаттығып жатқан балалардан үлкен үміт күтеміз. Болашақта әрқайсысы чемпион болада деген сенімдеміз.

Алдағы уақытта еркін күрес үйірмесі Қызылжар ауданының Якорь және Прибрежное ауылдарында ашылмақ.

 

 

 

Ешкенова Дана