Бизнес және экономика

АШҚ қоры арқылы өңірде 5,3 млрд теңге несие берілген

Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы 1 мыңнан аса жобаны қаржыландырыпты. Берілген займ 5,3 млрд теңгені құрайды. Несие рәсімдегендердің арасында бескөлдік ағаш шебері Виталий Криворотько да бар. Азамат мемлекеттен берілген ақшаға бірнеше қондырғы сатып алып, өндірісін өркендетіпті. Қазір ол тапсырыс бойынша корпустық жиһаздардың сан түрін жасайды.

Виталий Криворотько – жан-жақты жігіт. Ол университетті осыдан бірнеше жыл бұрын тәмамдаған. Мамандығы – эколог. Қолына дипломын ала сала азамат Петропавлдағы зауыттардың бірінде еңбек етеді. Бірақ, көп ұзамай жұмыстан шығып, өзінің жанына жақын іспен айналысады. Яғни, корпустық жиһаз жасауға кіріседі.

Қазір сегіз қырлы, бір сырлы жерлесіміздің Бескөл ауылында шағын цехы бар. Мұнда бірнеше заманауи қондырғы орнатылған. Олардың көмегімен азамат тапсырыс бойынша жиһаздың сан түрін жасап, тұрғындарға сатады.

Виталий Криворотько – “Криворотько” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Істі мықтап қолға алу үшін былтыр “Бастау” жобасы бойынша оқыдым. Кейін, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалына жүгініп, 4 млн теңге несие рәсімдедім. Займ 5 жылға 6 пайыздық үстемеақымен берілді. Оның үстіне мемлекеттік грантқа қол жеткіздім. Осы ақшаға іске қажет шетелдік қондырғылар сатып алдым. Заманауи дүниелер жұмысты жеңілдетті. Бүгінде жиһаздың кез келген түрін жасаймыз.

Азаматқа 1 аптаның ішінде орта есеппен 5-6 тапсырыс түседі. Оларды жерлесіміз қасындағы маманмен бірге 2-3 жұманың ішінде әзірлейді екен. Көбінесе тұрғындар киім ілгіш, түрлі шкафтар мен ас үй және жатын бөлмеге арналған жиһаздарды жасап беруді өтінетін көрінеді. Шеберді дүкен басшылары да біледі. Жақында бір сауда орны балық аулауға арналған қармақтарды қоятын мынандай тіреу жасауды сұрапты. Тапсырыс жартылай дайын. Ал мына жерде хабарландыру арқылы сатылатын дүниелер тұр. Бағалары қалта қақпайды.

Жалпы, былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы 1 мыңнан аса жобаны қаржыландырған. Берілген займ 5,3 млрд теңгені құрайды. Жерлестеріміздің басым бөлігі қарызды “Еңбек” бағдарламасы бойынша рәсімдеген екен.

Абай Садыров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие менеджері:

– Былтыр өңірде “Еңбек” бағдарламасы бойынша 916 жоба қаржыландырылды. Займ 3,7 млрд теңгені құрайды. Биыл аталған мемлекеттік жоба аясында 1,8 млрд теңге несие беру жоспарланып отыр.

“Еңбек” бағдарламасы бойынша несие алуға ниетті жандардың қатары қалың. Мәселен, жыл басынан бері жалпы сомасы 332 млн теңгеге жуықтайтын 78 жоба қабылданған.

 

 

 

Култанов Байболат