Қоғам

“Серпін” түлектері СҚО-да қалып, қызмет істеуге міндетті

“Серпін-2050” бағдарламасы 2014 жылы қабылданған еді. Содан бері жыл сайын жергілікті университетте оңтүстік өңірлерден келген жастар оқып жатыр. Бірақ, алған дипломдарын олар кәдеге жарата алды ма? Жұмысқа тұрған серпіндіктердің үлесі қандай және оларды өлкеде ұстап қалу үшін нендей шаралар қолға алынған? Осы және өзге де сұрақтарды арнайы брифинг барысында журналистер университет басшылығына қойды.

Саят Ермек – тілші:

– Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл мен Маңғыстау. Осымен 7-ші жыл осы 5 облыстың жастары Петропавлға келіп, жоғарғы білімді тегін алып жатыр. Бәрі дерлік шәкіртақы және жатақханамен қамтылған. 14-ші жылдан бері “Серпін” бағдарламасы бойынша бізде 1500-ға жуық жас оқып шығыпты. Олардың 200-дейі дипломдарын биыл қолға алмақ.

Мұғалімдер мен тәрбиешілер, радиотехниктер мен энергетиктер, құрылысшылар мен агрономдар – жергілікті университетте серпіндіктер барлығы 23 мамандық бойынша білім алуда. Осы орайда заңды сұрақ туындайды – олар қаншалықты жұмыспен қамтылған? Мемлекет есебінен мамандық алған түстік жастары қызмет таба алмай сенделіп жүрген жоқ па?

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Былтырғы жылғы студенттердің 80 пайызы, алдыңғы жылы бітіргендердің 85 пайызы бүгінгі күні жұмысқа орналасқан. Қалғандары тұрмысқа шығып, сәбилі болуларына байланысты және магистратураға түсуге байланысты жұмысқа орналасудан босатылған.

Жұмыс орны деген бізде жететін. Мұғалімдер де, инженер мамандар да керек. Түлектерге қызмет табуда проблема жоқ. Мәселе – басқада. Биылға дейін серпіндіктер диплом алған соң солтүстікте қалуға міндеттелмей келді. Нәтиже сол – көпшілігі туған жеріне оралып, жұмысқа тұрған. Теріскейде қалғандардың үлесі аздау енді. Ал биылғы түлектер үшін жағдай өзгерді.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры

 – “Серпін” бағдарламасы бойынша оқыған студенттер оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасулары қажет. Студент пен ЖОО арасындағы келісім-шартқа сәйкес, студент оқыған жерінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.

Иә, енді түстік жастары солтүстік экономикасына жұмыс істейді. Өйтпесе, 4 жыл бойы тегін білім алуға жұмсалған ақшаның бәрін мемлекетке қайтару керек болады. Сома, әсте, аз емес. Тағы бір заңды сұрақ – неге қалмасқа? Билік қолдау көрсетіп жатқан жоқ емес, көрсетіп жатыр. Серпіндіктер қоныс аударушыларға теңестірілген. Оңтүстіктен көшіп келген қандастар алатын субсидияларды жас мамандар да ала алады.

Назерке Тасқұлова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманыя:

– 35 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Бір адамға – 92785 теңге. Екіншіден, баспана жалдауға және коммуналдық шығындарды төлеуге бір жыл бойы ай сайын 15 АЕК-тан 30 АЕК-ке дейін субсидия беріледі.

Бірақ, “Еңбек” бағдарламасы аясындағы бұл қолдауды былтыр тек 90 “Серпін” түлегі пайдаланған. Қанша дегенмен, көбінің бүйрегі туған жеріне бұрып тұрады. Тек бағдарламаның байырғы мақсаты – теріскей өңірін жұмыс қолымен қамту емес пе еді?! Қабылданған қаулы сол мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

 

 

 

Саят Ермек