Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-дағы азық-түлік қоры жеткілікті

Кез келген жағдайға дайын болу керек. Бүгін облыстық әкімдікте жедел әрекет ету жасағының отырысы өтті.

Күн тәртібінде коронавирусқа қарсы күрес мәселесі қаралды. Қазір қауіпті дертке қатысты жағдай мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Бұл ретте облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық көліктердің дезинфекциялануын қадағалау қажеттігін айтты. Еске сала кетейік, жүргізушілер автобустарды әр рейс жасағаннан кейін зарарсыздандыруға міндеттеліп отыр.

Кәсіпорындар мен зауыттардың уақытылы өңделуін де жіті назарда ұстаған жөн. Жиында сауда орындары мен дүкендердегі аласапыран туралы да сөз қозғалды. Қазір Қазақстанның бірнеше қаласында тұрғындар сөрелердегі қант, ұн мен майды жаппай сатып алуда. Салдарынан, кейбір тауарлардың тапшылығы туындап, бағалары шарықтауда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Тағы да қайталап айтам: “Біздің өңірде азық-түлік қоры жеткілікті”. Сондықтан, әбігерге салынудың қажеті жоқ. Дүкендерге ағылып, ажиотаж тудырмадыңыздар. Сондай-ақ, тек ресми ақпаратқа сенулеріңізді сұраймын.

Эльмира Садвокасова