Денсаулық сақтау

Ресеймен шекаралас 4 ауданда санитарлық-бақылау бекеттері жұмыс істейді

Коронавируспен күрес шаралары күшеюде. Қазір Ресеймен шекаралас 4 ауданда санитарлық-бақылау бекеттері жұмыс істейді. Мамандар мемлекеттен шыққан және кірген әр азаматты сол арада тексерістен өткізбек. Ал алдағы демалыс күндері дәріханалардың қоры 24 мың бетпердемен толығады.

Коронавирустың географиясы өскен сайын брифинг алаңында сөз сөйлеушілердің саны да артуда. Бұл жолы 4 спикер мен тағы бірнеше ведомство басшысы келді. Әрбірінің журналистерге өз айтары бар.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– В СКО случаев коронавирусной инфекции нет.

Бірақ, инфекция Қазақстанда бар. Бүгін Алматы қаласында екі бірдей жағдай тіркелді. Тағы Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусты жұқтырған әйел адам анықталды. Тұрғындардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, өңір медициналық төтенше жағдайға сақадай-сай. Ауруханаларда екі айға қажет дәрі қоры бар, респираторлар мен бетперделер де жеткілікті. Бірақ, соңғысын дәріханалардан табу мүмкін емес.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Алдағы демалыс күндері өңірдегі дәріханаларға 24 мың дана бетперде жеткізілуі тиіс. Тағы бір мәрте еске салайын: оның дені сау адамдар үшін қажеті жоқ. Бұл -дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты.

Бетперделер – тапшы. Салдарынан бағасы да тым қымбат. Сұранысқа аса ие тауар бүгінде қолжетімсіз болып барады. Бірақ, қорғануға арналған дүниенің құнын тұрақтандыру біздің қолымызда емес дейді спикерлер. Ресеймен арадағы шекараны жабуға қатысты шешімді де жергілікті атқарушы билік қабылдай алмайды. Айта кету қажет, көрші федерацияда қазір коронавирусты жұқтырғандардың саны 30-дан асты.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ресей 3 категорияға да кірмейді. Сондықтан, әзірге ешқандай шектеулер жоқ.

Қазір Ресеймен шекаралас 4 ауданда санитарлық-бақылау бекеттері жұмыс істейді. Мемлекеттен шыққан және кірген азаматтарды мамандар сол арада-ақ тексермек. Елімізде қауіпті дерт таралуының алдын алуға бағытталған шаралар одан әрі күшеюде.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Университет қашықтықтан оқытуға көшірілді. Қазір студенттерді үйлеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үндістаннан келген 182 адам да елдеріне оралады. Ал Қытайдан келген қазақтар жатақханада қалады.

Колледждердегі жағдай да осындай. Ал білім ошақтары болса, наурыздың 16-сынан бастап демалысқа шығады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Барлық мұғалімдердің жалақысы бұрынғыша сақталады.

Балабақшаларға қатысты шешім де өзгеріссіз қалып отыр. Олар карантинге жабылмайды. Ата-аналары қаласа, бүлдіршіндерді үйлерінде алып қалуларына мүмкіндік бар. Бірақ, баласымен бірге отыратын әкесі не анасы өз еріктерімен демалысқа шығулары қажет.

 

 

 

Эльмира Садвокасова