МТРА жаңалықтары

Петропавлдан Алматы қаласына дейін жаңа рейс ашылды

Петропавл-Алматы. Облыс орталығы мен оңтүстік астана аралығында жаңа рейс ашылды. 2 арада  180 орынға арналған Airbus A320 авиалайнері ұшатын болады. Бұрын тұрғындар Алматыға дейінгі билетті 25 мың теңгеге сатып алып келген болса, енді 10-ақ мың теңге төлейді. Жаңа рейстің тиімділігін әріптесім.

Қазір сағат таңғы 8-дер шамасы. Бірер минуттардан соң Алматыдан алғашқы жолаушылар келіп қалуы тиіс. Сондай-ақ, көріп тұрғандарыңыздай әуежайға жиналған жергілікті тұрғындар дәл сол әуе кемесімен оңтүстік астанаға сапар шегу үшін тіркеуден өтіп жатыр.

Сергей Колесников бүгін Алматыға алғаш рет ұшқалы тұр. Азамат бұрын ол жаққа пойызбен қатынап жүрген. Айтуынша уақытының басым бөлігі жұмыстан гөрі жүрген жолына кетеді екен.

Сергей Колесников – қала тұрғыны:

– Алматыға дейін әуе бағыты ашылғанына қуаныштымын. Ол жақта жеке кәсібім бар. Бұрын пойызбен 18 сағат жүріп баратынмын. Енді жол уақыты 2 сағатқа дейін қысқарды. Бұл өте қолайлы. Билеттің бағасы да арзан, 10-ақ мың теңге тұрады.

Иә қалта қағатын авиабилеттің дәуірі артта қалды деуге болады. Қазіргі құны – небәрі 9999 теңге. Бұл – Петропавл мен Алматы арасында ұшақпен қатынау үшін белгіленген тиімді баға дейді тұрғындар. Бұрындары жолақысы 25 мың теңгені құрапты.

Таңсы сағат 6 жарымда оңтүстік астанадан көтерілген әуе кемесі 2 сағаттың ішінде Қызылжар өңіріне келіп қонды. Жолаушылар ұшақтан түсе сала алған әсерлерімен бөлісті.

Наталья Мухина – Алматы қаласының тұрғыны:

– Қалай жеткенімді сезбей қалдым. Өзім бірінші рет ұшып тұрмын. Осында қонаққа келдім.

Airbus A320 маркалы ұшақтың іші жайлы. Барлығы 180 орын бар. Әуе кемесі Петропавлдан Алматыға аптасына 4 рет қатынайды. Мамандардың айтуынша алдағы уақытта жолаушылардың саны көбейетін болса, ұшу жиілігі де артпақ.

Марат Хасенов – «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры:

– Негізі, «FlyArystan» компаниясымен біз 2019 жылдан бастап жұмыс бастадық. Бүгін көріп тұрғандарыңыздай алғашқы рейс. Әуе кемеміз 90 пайызға жолаушыларға толы.

Таңғы сағат 9 жарымда әсем қала Алматыдан келіп қонған ұшақ 9 дан 55 минут кеткенде қайта көкке көтеріліп, Петропавлдан оңтүстік астанамызға бет алды. «FlyArystan» компаниясы сәуірдің 10-ынан бастап солтүстік өңірден Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына да жолаушы тасымалдаймыз деп отыр. Компания өкілдерінің айтуынша билеттің бағасы 3999 теңге болмақ.

 

 

Бердимурат Баймухан