Қоғам

Петропавлда суағарлар тазартылып жатыр

Петропавлда суағарлар тазартылып жатыр. Тиісті жұмыстар тұрғындардың сұранысы бойынша атқарылуда. Мамандарға, әзірге, 61 өтініш келіп түскен екен. Бүгін олар Ойқала мен Жұмысшы кенттерінде орналасқан құбырларды тазалады.

Сания Гайнанова Ойқала ықшам ауданындағы Чернышевский көшесінде 2 жылдан бері тұрып келе жатыр. Айтуынша әр көктем сайын үйінің алды шалшыққа айналады. Себебі, су ағатын ор жоқ. Бүгін де еріген қардың салдарынан көше бойын су басыпты.

Сания Гайнанова – қала тұрғыны:

– Көктем басталысымен қар еріп, үйіміздің маңына су жайылып жатыр. Көшедегі қар қыста тазартылады. Бірақ, су ағатын арықтар жоқ. Сол себепті, тиісті жерге хабарласып өтініш түсірдім. Қызметкерлер келіп көше мен үй маңындағы суды арнайы құрылғылардың көмегімен сорып алып кетті.

Мамандардың айтуынша тұрғындардың көбісі суағарлардың ішіне түрлі қоқыс тастап, оны толтырып тастайды. Сол себепті, көктемгі уақытта арықтардың іші бітеліп қалады екен. Коммуналды мекеме қызметкерлері бүгінде суағарларды тазарту жұмыстарын бастап кетті. Бұл іске 12 бірлік техника жұмылдырылған.

Павел Булаев – «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК директоры:

– Қазір 6 апаттық бригадалық топ құрылды. Біз тұрғындардың өтініші бойынша шығып отырамыз. Бүгінге дейін 61 өтініш келіп түсті. Тұрғындардан біздің жұмысымызды қиындатпауларын сұраймыз. Суағарлардың ішінде түрлі нәрсе жатады. Тіпті, жануарлардың өлексесін тапқан кезіміз де болды.

Көбінесе Қапай, Береке, Ойқала мен Жұмысшы кентінің тұрғындары хабарласады дейді коммуналдық қызметкерлер. Қазіргі күні олар 500 текше су шығарып үлгерген. Бірақ, бұл әлі басы ғана.

Павел Булаев – «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК директоры:

– Күндіз еріген су түнде қатып қалады. Сол себепті, кейде жасап болған жұмыстарды қайта істеуге тура келеді. Біз құбырлардың ішін бумен ерітіп, жуып-шаямыз.

Жалпы, қазір қала бойынша суағарлардың ұзындығы 92 шақырымды құрайды. Оның 44-і ашық болса, қалғаны жабық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта әлі жалғасын таппақ. Сондай-ақ, тұрғындар 109 жедел желісіне хабарласып, өтініш білдіре алады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан